В KAZ Minerals ежедневно происходят события различного масштаба.
Фильтр:

null Мыс алхимиктері

13.07.2018

Қарау саны: 260

; assetEntryID = 696120

Маусым айының үшінші жексенбісінде металлургтер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Көпшілік халық бұл мамандықты балқыған метал ағылып жатқан ыстық цехпен байланыстыратыны жасырын емес. Дегенмен металлургия сан қырлы мамандық. Оның өкілдері де сондай. Бүгінгі сұхбатымыз осындай мамандардың бірімен болады. Ақтоғайдағы оксидті кендерді қайта өңдейтін кешеннің учаске бастығы Мейірбек Есіркегенов www.kazminerals.info сұрақтарына жауап берді.

Неліктен катодты мыс өндіруді металлургияға жатқызады? Гидрометаллургия мен пирометаллургияның айырмашылықтарын айтып бере аласыз ба?

Қазіргі заманда машина жасау мен ақпараттық технологиялардың дамуында мыс өндірісінің маңызы зор. Соңғы статистикалық зерттеулерге сүйенсек, дайын өнім түріндегі әлемдік мыстың 65% пирометаллургиядан, 18% сұйық экстракция мен электролизден, ал 17% мыс өнімдерін қайталап өңдеуден алынады.

Сұйық экстракция мен электролиз дегеніміз – гидрометаллургия. Ол негізінен оксидті мыс кендерін өңдеу үшін қолданылады. Үймелі сілтісіздендіру кезінде оксидті кендегі мыс иондарын еріту үшін күкірт қышқылы қолданылады. Бұл қышқыл электролит жасағанда мыс иондарын бөлуге және одан кейін электр тоғын қолдана отырып, мысты болат табақтарға қондыруға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, мысты өндіруге негізінен химиялық реакция көмектеседі.

Пирометаллургиялық процестерде металдардың басқа материалдардан бөлінуі жылудың есебінен – балқу нүктелері, будың қысымы, тығыздық және балқыту кезіндегі кен компонентерінің араласуы арқылы іске асады. Гидрометаллургияда металдар басқа материалдардан арнайы реагенттердің көмегімен су қосылған ерітінділерде бөлінеді.

 

Ақтоғайда сульфидті және оксидті кендер өндіріледі. Олардың ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз.

Мыстың минералдары негізінен сульфидті кендердің құрамында кездеседі. Әлемдік қорлардың 90% олардың еншісінде. Сульфидті минералдарға халькопиритті, борнитті және халькозинді жатқызуға болады.

Оксидті кендердегі басты минералдар - бұл малахит, азурит, хризоколла.

Хризоколла - Ақтоғай кен орнындағы құрамында мыс бар ең көп таралған минерал. Ол мыстың құрамы өзгеріп отыратын гидраттанған силикаты. Осыған орай сілтісіздендіру де өзгеріп отырады. Дегенмен Ақтоғайдағы ең маңызды минерал ретінде мен малахитті атар едім. Себебі, ол күкірт қышқылының ерітіндісінде оңай сілтісізденеді.

Гидрометаллургиялық әдістің артықшылығы неде? Катодты мысты өндіру процессін балқыту деп атауға бола ма?

Гидрометаллургияның бірқатар артықшылықтары бар. Айталық, құрамы кедей немесе қиын кендерді өңдеу, кендерді кешенді өңдеу, процесстерді автоматтандыру және механизациялау мүмкіндігі, аппаратуралық тұрғыдан қарапайымдылық. Оған қоса, бұл әдісте жоғары температура мен шаң-тозаң жоқ. Мен жұмыс жағдайын жайлы деп атар едім. Бұл әдісті қолданғанда қоршаған ортаға келтірілетін зиян әлде қайда төмен. Ал өндірістің қалдықтары тіпті жоқтың қасы. Экстракция мен реэкстракцияның нәтижесіндегі органикалық қалдық – крадтың көлемі өте аз. Өңделгеннен кейінгі крадтың қауіпі өте төмен. Біз оны мердігерлік ұйымның көмегімен заласыздандырамыз. Ал Балқаш мыс зауытын қарастыратын болсақ, онда қалдықтар мен ілеспе өнімдер көп. Гидрометаллургияның тағы бір артықшылығы  - электр қуатына кететін шығындар төмен.

Ақтоғайдағы катодты мыс өндірісінің негізгі кезеңдерін айтып беріңізші?

Катодты мыс өндірісінің негізгі кезеңдері – сілтісіздендіру, сұйық экстракция және электролиз. Қазіргі уақытта біздің КБК-міздегі үймелі сілтісіздендіру алаңдары (ҮСА) үш қабаттан тұрады. Сілтісіздендіру штабельдерінің құрылысымен Тау-кен жұмыстары департаменті айналысады. Алдымен пандус салынады, сосын дәліздер пайда болады. Содан кейін сілтісіздендіру алаңдары және соңында беткі қабат борпылданады. Ол учаскелердің перколяциясын жоғарылатады. Суландыру жүйесі ретінде шашу жүйесі қолданылады. Оның арқасында ертінді сілтісіздендіру алаңының аумағында біркелкі тарайды.

Сілтісіздендіру ерітіндісінде 3-4% күкірт қышқылы бар. Бұл мысты қажетті көлемде еріту үшін жеткілікті.

Еріген мыс ҮСА түбіндегі арнайы коллекторларға ағады. Олардың мақсаты – ерітіндіні жинау және тұндыру.  Алаң нығайған ерітінділерді жинақтау коллекторына және одан әрі бассейнге баратындай етіп салынған. Ал үймелі сілтісіздендіру алаңының топографиялық жағдайлары ерітінділердің біркелкі ағуын қамтамасыз етеді. Қаныққан ерітіндінің түсі жап-жасыл. Себебі оның құрамында темір, күкірт және мыс бар.

Одан әрі қаныққан ерітінді құбырлардың көмегімен PLS тоғанына түседі. Мұнда қаныққан ерітіндідегі бос жыныстардың ұсақ қатты бөлшектері тұнады. Ерітіндінің бетіндегі шарлар мен қақпақшалар жазда оның булануына, ал қыста суып кетуіне жол бермейді.

Одан кейін мыс ерітіндісі экстракция және реэкстракция кезеңіне кетеді. Экстракция цехында ерітіндінің түсі оның құрамындағы мыстың мөлшеріне орай өзгеріп отырады.

Біздің учаскемізде күкірт қышқылы, еріткіш, экстрагент, кобальт сульфаты, диатомит жынысы, бәсеңсіту агенті, бентонит және қышқыл туманын басатын реагент қолданылады.

Қарапайым тілмен айтқанда, мұның бәрін ақыр соңында электролизге қол жеткізу үшін қосамыз. Электролиз – бұл құрамындағы мыс бөлшектерін электр тоғының көмегімен болат пластиналардың бетіне қондыру процессін бастауға мүмкіндік беретін тиісті концентрациядағы ерітінді. Егер мыс сульфаты ерітіндісіндегі тот баспайтын екі болат пластинаға 2,1 вольт қолданылса, кері зарядталған жағына таза мыс қона бастайды. Мұнда қолданылатын кішкене пластмасса шарлар электролиттің булануын азайтады. Салмағы 40 кг болатын бір мыс катодын толықтай қалыптастыру үшін 6-7 күндей уақыт керек.

Ақтоғай электр қуатын Қарағанды МАЭС-нан алады. Желілердің ұзындығы 800 км, кернеу – 220 кВ. Жазғы уақытта қаныққан ерітіндіні жылытатын электр қазандық учаскесі жұмыс істемегендіктен электр қуатын пайдалану азаяды.

Катод табақтары автоматты түрде арнайы құрылғының көмегімен алынады. Сосын мыс қонған катодты табақтар қабылдау конвейеріне түседі. Одан әрі роботтар мысты катодтардан ажыратады. Бұл құрылғы мыс табағын конвейерден қаптауға дейінгі кезеңде толықтай бақылауға мүмкіндік береді.

Бір мыс табағының салмағы 35-40 кг. Біз жоғары сұрыпты катодты мыс өндіреміз. Ондағы мыстың мөлшері шамамен 99,997%.

Көп учаскелердегі өндіріс автоматтандырылған. Операторлардың негізгі міндеттері – технологиялық процесстерді басқару және мониторинг, сынамаларды алу, фаза аралық шегінуді өңдеу, электролиз ванналарына қызмет көрсету, катод тазалайтын машинаны басқару, катодты мысты сұрыптау және қаптау.

Катодты мыс өндіретін кешенде қанша адам жұмыс істейді?

Механиктер мен электриктер қызметтерін қоса есептегенде кешенде 200 таяу адам жұмыс істейді.

Кәсіби мерекеңізді әдетте қалай атап өтесіз?

Биыл мерекені вахтада, әріптестеріммен бірге атап өтемін. Мүмкін мерекелік кешкі ас ұйымдастырылатын шығар. Металлургиялық өнеркәсіптің дамуы – кез-келген мемлекеттің қуаты мен әл-ауқатының көрсеткіші.

Қазіргі уақытта Қазақстан тау-кен-металлургия секторының дамуы бойынша әлемдегі жетекші орындарда келеді. Ал Ақтоғай сияқты ірі жобаның іске қосылуы осы салаға өз үлесін қосып отыр. Бұл біздің кәсіпорында жұмыс істеп жүрген кәсіпқой мамандардың арқасы. Сондықтан барлық әріптестерімді Металлургтер күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге және жақындарыңызға денсаулық пен бақыт тілеймін! Атқарған істеріңіз қуаныш әкеліп, жаңа идеялар мен оларды іске асырудың мүмкіндіктеріне толы болсын!

0 комментария(-ев)

Популярное на сайте

Популярное на сайте

20.04.20 10:33

test321

20.04.20 10:30

test123

27.03.20 2:47

Отличная новость!

26.03.20 11:37

Классное место!

26.03.20 8:43

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Показаны 5 из 5 элементов