Для своего персонала и внешней аудитории KAZ Minerals выпускает разнообразные медийные продукты.

null Бозшакөл карьерінің тұлғалары

23.08.2018

Қарау саны: 0

Шығыстүстіметтің шахтерларымен қатар, Бозшакөл карьерінің қызметкерлері де Шахтер күнін атап өтеді. Олардың көпшілігі жерасты шахталарында жұмыс істеп көрген адамдар. Қазір олар ашық карьерде кен өндіреді. Өздерінің айтуы бойынша, бұл жұмыс жер астынан қарағанда қауіпсіз. Карьердің қызметкерлері өздерінің жұмысы туралы тағы не айтты? Біздің мақаладан біле аласыздар.

Елена Нугерова, аға маркшейдер:

- Біз карьерден алынған тау-кен массасының көлемін аламыз. Бұл кен әрі қарай фабрикаға барады. Біз мыс түріндегі дайын өнімнің өндіріс тізбегіндегі алғашқы сатымыз. Біз – карьердің көздері іспеттіміз. Кеншілерге жұмыстарын дұрыс жүргізуге көмектесеміз.

Мына карталарды біз дронның көмегімен жасадық – ол ұшып жүріп, суретке түсіреді. Содан кейін біз арнайы бағдарламада оны өңдеп, толық нәтижеге қол жеткіземіз.

Бізде жоспарлаушылар да бар. Олар көлемдерді санайды, қандай мөлшері бар кенді алу керек екендігін анықтайды, жоспарлайды. Геологтар қай жерден қандай кен алу керектігі туралы ақпарат береді. Геотехниктер карьердің қапталдарын бақылайды, ол опырылып кетпеуі үшін қажетті бұрыштаманы есептеп шығарады.

Қаржыгерлер – бұл да маңызды сала. Олар кәсіпорынға анағұрлым табысты дүниелерді есептеп шығарады. Ал кеншілерге келсек, оларға мүлдем сөз жоқ! Олар бұл жұмыстың ең керекті бөлігі. Олардың тәжірибесі мен білімінсіз біздің көп нәрседе қолымыз байлаулы болар еді. Айталық, егер экскаваторшы бір нәрсені дұрыс жасамаса, кеншілерге жүгінеміз. Диспетчерлер болса, бүкіл карьердің көзі һәм құлағы. Олар барлығын көріп, біліп отырады. Мысалы, қай жүк көлікті қай экскаваторға жіберуді алайық. Осы сияқты дүниелер көп. Одан кейін техниканы күтіп, баптайтын механиктердің қызметі де маңызды. Бір ақау көрсе, бірден қалпына келтіреді. Жалпы біреуді бөліп айту қиын. Карьердегі барлық қызметтер маңызды.

Елена өзінің еңбек жолын тау-кен саласында 1989 жылы институтты тәмамдағаннан кейін бірден бастады. 15 жыл бойы «жер астында» еңбек етті. Ал 2004 жылдан бастап, ашық типтегі кеніштерде жұмыс істеп келеді. Келесі жылы кәсіби іс-қызметінің 30 жылдығын атап өтпек. Жұмысы туралы сөз қозғағанда ешқашан «мен», «менде» деп айтпайды. Үнемі тек «біз», «бізде» деп сөйлейді. Карьердегі ұжым бір ағза сияқты жұмыс істейді, бұл үлкен тату-тәтті команда дейді. Мұнда басты немесе маңызды емес қызметкерлер деп ешкімді бөліп-жармайды. Барлығы маңызды.

Ерлан Әліпов, бұрғылау қондырғысының машинисті:

- Маркшейдерлік карталардың негізінде бұрғылау-жару жұмыстарының төлқұжаты қалыптасады. Бұларға қарап біз, яғни бұрғылаушылар, іске кірісеміз. Бұл жерде жақсы жағдай жасалған. Әлемдік стандарттарға сай. Тамақтандыруы жақсы, киімімізді жуып береді, барлық жер таза – үнемі жинастырады. Барлық жерде және барлық істе қауіпсіздік техникасы сақталады. Бізде Leica деген жүйе орнатылған. Барлығы жазылып, бақыланып отырады, басқа жақты абайсызда бұрғылауға жол берілмейді. Өзім де жұмысыма асқан жауапкершілікпен қараймын. Міне, мына ұңғымаларды мен бүгін бұрғылап шықтым.

Тереңдігі – 11 метр. Бізден кейін мұнда мердігерлік ұйымның жарушылары келеді. Олар зарядтарын салып, жару жұмыстарын атқарады. Кейін экскаваторлар, сосын жүк көліктері және тағы басқа қызметтер келіп жұмыс жасайды.

Бозшакөл карьеріне келгенге дейін Ерлан көп жылдар бойы шахтада еңбек етті. Үйінде оны сүйікті жары мен 10 жасар ұлы күтіп отыр. Ерлан ұлы туралы айтудан жалықпайды. Оны мақтан тұтады. Зерек, ақылды бала. Жақсы оқиды екен. Вахтада жүргенде Ерлан отбасы үшін алаңдамайды. Сенімді өйткені. Сол себепті жұмыстан кейін белсенді демалысқа уақыт табады. Денсаулығын қарайды. Темекі шекпегелі 6 жылдан асыпты.

Әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, кеншілердің барлығына денсаулық, отбасыларына береке және бақыт тілейді. Бүкіл ел компаниямыз сияқты гүлденсін дейді: «Менің ойымша жұмыс жағдайы бойынша KAZ Minerals Қазақстандағы үздік компания. Барлық жерде солай болсын. Мемлекет дамып келеді. Әрдайым осылай дами берсін».

Арын Жалмаханов, ТЖМ машинисті:

- Менің жұмыс ауысымым 11 сағатқа созылады. Арасында бір сағат тамақтану үшін үзіліс жасаймын. Бір ауысымда орта есеппен 10 мың тонна тау жынысын шығарамын. Кейде 15 мың тоннаға дейін жетеді.

Тиегіште 12 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Оған дейін автогрейдер жүргіздім, машинист-экскаваторшы болдым, бульдозерді басқардым. Өзбекстандағы Заравшанда бастадым. Кейін Қазақмыста, Ақтөбе мыс компаниясында еңбек еттім. Жұмыс барлық жерде бірдей ғой. Бірақ қауіпсіздік тұрғысынан және бақылау деңгейі жағынан бұл жерде жағдай жақсы.

Қауіпсіздік мәселесі Арын үшін ең маңызды. Ол көпбалалы жанұяның отағасы. Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Құсмұрын кентіндегі үйде оны айрандай ұйыған отбасы күтіп отыр. «Алты балам бар. Кенже қызым 3 жаста, ал тұңғышым 16 жасқа толды. Мен жоқта әйелім жүргізуші болып, балаларды мектепке, балабақшаға жеткізеді. Үйде де шаруа бастан асады. Сондықтан ол үй шаруасында қазір», – дейді отағасы.

Арын Жалмаханов әріптестеріне тілектерін жолдап үлгермеді. Тиеу орнына учаскенің жолдар және үйінділер шеберінің пикапы келіп тоқтады.

Азамат Сүлейменов, учаскенің жолдар және үйінділер шебері:

- Біздің ауысым учаске мен өндірістік қызмет басшыларының бізге наряд – ауысымдағы жұмыстың жоспарын таратуынан басталады. Содан кейін біз өзіміздің машинистерге наряд таратамыз, кім, қай жерде және қандай техникада қандай жұмыс атқаратындығын айтамыз. Содан кейін қауіпсіздік техникасына сәйкес жұмыс барысында қандай қауіп-қатер немесе қандай оқиғалар орын алу мүмкін екендігін айтамыз. Сосын адамдарды жұмыс орындарына таратамыз. Ауысым барысында учаскелерді аралап, жұмыс барысында керекті түзетулер енгіземін.

Учаскенің жолдар және үйінділер шебері үнемі әріптестерімен қарым-қатынаста болуы қажет. Айуынша, олай жасамасаң, түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Бірақ Азамат барлығымен тіл табысуға тырысады. «Барлығымыз адамбыз ғой. Мінезіміз де әртүрлі. Біреуге қаттырақ айтасың, біреуге керісінше жеңілдік жасайсың. Бұл жерде аздап психолог болуға тура келеді», - дейді ол.

Азамат Сүлейменов тау-кен өндірісі саласында 12 жыл жұмыс істеп келеді. Оның 4 жылы Бозшакөлде өтті: «Мұндағы жұмыс жағдайы басқалардан өзгеше. Біз үйреніп қалдық. Барлық жерде жағдай Бозшакөлде сияқты көрінеді».

Азамат Шахтер күніне орай әріптестеріне ең алдымен қауіпсіз жұмыс, табыс, жұмыстағы жоспарлардың орындалуын және отбасы мен үйлеріне бақ-береке тілейді.

Павел Подрезов, CAT-785c жүк көлігінің операторы

 - Маған ұнайтыны – осы жерде қазылған тастың бір бөлшегі болашақта, мысалы, көліктің бір бөлшегіне айналады. Бұл маңызды істе менің де үлесім бар екенін білемін. Әрине, жұмысымыз оңай емес. Таңертен жүк көлігін от алдырамыз да, кешке дейін тоқтамаймыз. Егер бір экскаватор тоқтап қалса, басқасына жолдайды. Егер ол тоқтаса, үшіншісіне кетеміз. Себебі, Leica жүйесі барлығын көріп, реттеп, бағыттап отырады. Бір күнде жұмыс орнымыз 2-3 рет ауысуы мүмкін.

Фоторепортажды түсіру кезінде Павел Подрезов өзінің жүк көлігінде емес, су себу машинасында жүр екен. Ол былай түсіндірді: «Қазір жолдарға су шашып жүрмін. Ал негізгі жұмысым СAT-785c көлігінде. Мына жұмыс үшін маған қосымша ақы төлейді. Мен сияқтыларды мультиоператор дейді. Мүмкіндік болса, жолдарға су шашамын. Түсте өзімнің ірі жүк көлігіме отырамын».

Павел Қазақстанның бірнеше кенішінде жұмыс істеген. Қазір Павел Подрезов 64 жаста. Дегенмен, айтуынша зейнет жасы жұмысқа кедергі емес.

Жұмыстан кейін қызметкерлерге шаршауды жеңуге спорт және Бозшакөлдің вахталық қалашығындағы өзге ойын-сауық түрлері көмектеседі. «Тренажерлар да, бильярд та, теннис те бар. Кинозалдарда 3 үлкен теледидар тұр. Жақында Футболдан әлем чемпионаты өтті. Біз де қызыға қарадық. Ойындар кезінде залда толып отырдық», – дейді Павел.

Светлана Поддубная, тау-кен инженері- диспетчер:

- Диспетчерлік қызмет кез-келген өндірісті, шахтаны болсын, карьерді болсын жедел басқаруды көздейді. Диспетчерлік бөлім кәсіпорынның миы сияқты. Біз іштегі және сырттағы өзгерістерге көңіл бөлеміз, бағыттаймыз, басқарамыз. Мен мұнда 2015 жылғы 2 ақпанда келдім. Оқыту, индакшн – барлығы симуляторларда, тренажерларда өтті. Диспетчерлік қызметтің жұмысын көктем келгенде бастадық. Карьер ерігесін суды шығара бастадық. Мамыр айында өзіміздің тікелей міндеттерімізге кірістік. Қазақстанда мұндай болмағандықтан, диспетчерлеудің жаңа, замануи Leica жүйесін игеру үшін күрделі үйренуге тура келді. Моңғолияда, Австралияда, Чилиде бар, ал Қазақстан үшін бұл алғашқы тәжірибе еді. Бастапқыда сасқалақтағанымыз рас, бірақ үйреніп кеттік. Адамдар барлығына үйренеді ғой. 

Диспетчерлік қызметтің де, жалпы карьердің ұжымында ер адамдар басым. Алайда Светлана бұған қаймықпайды. Керісінше, ер адамдар жұмыс істеген жеңілрек дейді.

Жұмысы және әріптестері туралы айтқанда ол жылы сөздері мен сезімдерін жасырмайды. Leica жүйесінің артықшлықтары мен қызметтерін айтқанда көздері жанып тұрады. Ірі, ауыр жүкті тасымалдай алатын көліктерді «самосвальчики» деп атайды.

Светлана Шахтер күнін өзінің кәсіби мерекесі ретінде атап жүргеніне көп жыл болды. Кен орындарды игеруге қатысы бар әрбір жан бұл мерекені өз мерекесі ретінде атап өте алады деп есептейді: «Біз бір шынжырдың шығырықтары сияқты бір-бірімізбен байланысқанбыз. Бір шығырық істен шықса, шынжыр үзіледі. Біз техникаға қызмет көрсететін механиктерсіз, экскаваторлар жұмыс істеу үшін карьерді электр қуатымен қамтамасыз ететін электриктерсіз қызмет ете алмаймыз. Тіпті бізге билеттер сатып әперетін тревел-мамандарынсыз да жұмыс істей алмаймыз. Мен жұмысқа келгенде, үйге қайтқанда купе вагонындағы төменгі орын болатынына сенімдімін…».

Саида Нурова, Алматы

0 комментария(-ев)

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

20.04.20 10:33

test321

20.04.20 10:30

test123

27.03.20 2:47

Отличная новость!

26.03.20 11:37

Классное место!

26.03.20 8:43

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Показаны 5 из 5 элементов