KAZ Minerals өзінің қызметкерлеріне және сыртқы аудиторияға арналған медиа өнімдерді шығарады.

null Ақтоғайдағы оксидті кенді өңдейтін кешендегі гид

16.05.2017

Қарау саны: 0

Kazminerals.info командасы KAZ Minerals Тобының кәсіпорындары бойынша «Экскурсия» айдарын одан әрі жалғастырады. Гид қызметін компанияның фабрикаларының, шахталары мен карьерлерінің жетекшілері атқарады. Бұл жолы катодты мысты кімнің, қалай және қай жерде өндіретіндігі туралы Ақтоғай КБК оксидті кенді өңдеу кешені бастығының орынбасары Айжарық Бердалиев айтып берді.

- Экскурсиямызды қай жерден бастаймыз?

- Оксидті (тотыққан) кен әкелінетін шоғырлы сілтісіздендіру алаңынан (қысқартылған түрде ШСА). Бірақ біріншіден майнинг (кен өндіру – редакцияның ескертпесі) туралы бір ауыз сөз айтып кеткім келеді. Сіз екеуіміз ауыр жүк тасығыш техника жұмыс істейтін жолдармен жүретін болғандықтан, бізге автомобильге арналған арнайы рұқсат алу қажет.

Басты ережені есте ұстағаныңыз жөн – мұнда жүретін кез келген автокөлік ауыр жүктерді тасиды. Сондықтан біздің қалада қозғалуымыз кезіндегі жол жүру ережелері мұнда басым күшке ие болмай қалады. Ауыр жүк тасығыш техникаға басымдылық берілген, себебі оның көру аймағы шектелген, өзінің жеке «өлі периметрі» бар, осының салдарынан өздігінен түсіргіш машинаның жүргізушісі жеңіл автокөлікті көрмей қалуы мүмкін.

- Жеңіл автомобильдерге жалаушалар осы себепті орнатылған ба?

- Иә, осы себепті. Алайда бұл да жеткіліксіз. Жолдың шетіне тас үйілген, жеңіл автомобиль бұл үйіндіден әлдеқайда аласа болғандықтан, жүріп келе жатқан өздігінен түсіргіш машинаның бұл жалаушаны көрмей қалуы ғажап емес. Сондықтан тағы бір қауіпсіздік шарасы қарастырылған – ТКБК аумағына кірер кезде біз диспетчермен хабарласып, шоғырмен шаймалау алаңына кіруді жоспарлаған машинаның нөмірін айтамыз. Диспетчер алаңға қандай да бір нөмірлі жеңіл машина кіретіндіктен, барлық ауыр жүк таситын машиналардың жүргізушілеріне аса сақ болу керектігін ескертеді.

- Шоғырлы сілтісіздендіру алаңында қандай процесс жүзеге асырылады?

- Тотыққан кен карьерден тікелей шоғырлы сілтісіздендіру алаңына жеткізіледі. Алдын ала ұсатпастан. Құрамындағы мыстың орташа мөлшері 0,35%-0,40% болатын кенді ауыр жүк таситын машиналардың көмегімен әкеледі. Бұл жерде оны алаңға бірқалыпты жаяды. Мұндай шаймалау әдісі аудара шаймалау деп аталады.

Жайылған кен секцияларға, ал секциялар модульдерге бөлінеді. Әр секцияда 7 модуль бар. Модульдердің ішіндегі кенге КБК жұмыскерлері құбырларды дәлдеп жақындатады да, спринклерлі суландыру жүйесін (бүріккіштерді) монтаждайды. Монтаждау аяқталғаннан кейін күкірт қышқылының концентрациясы 8-10% болатын ерітінді шашу басталады, мұндай ерітінді «нығайтылған рафинат» деп аталады.

Бұл мыстың сілтісіздену процессін жылдамдату мақсатында жаңадан қазылған кенді қышқылмен қанықтыру үшін қажет. 10%-дық қышқыл ерітіндісімен қанықтыру 21 күнге созылады. Бұдан кейін кенді құрамындағы қышқыл концентрациясы 3%-ды құрайтын қалыпты рафинатпен қанықтырамыз. Нәтижесінде мыс кеннен сілтісізденіп, сұйық күйге (CuSО4) өтеді. Бұл ерітінді өнімді сілтісіздеу ерітіндісі (PLS) деп аталады.

 

Процесске қатысты ақпарат берместен бұрын, алаңның өзі туралы бірер сөз айтқым келеді. Ерітіндінің бірде-бір тамшысы топыраққа, жерге түсіп кетпеуі үшін алаңның түбі гидрооқшаулағыш қабатпен қапталған. Гидрооқшаулағыш – бұл арнайы дайындалған тығыз полиэтилен, геомембрана. Иілімді болғандықтан, заттың кез келген пішінін қабылдай алады. Қышқылға төзімді, жарамдылық мерзімі 50 жылдан асады. Қазіргі таңда мұндай геомембрананы Қазақстанда да өндіреді, дегенмен біздің жобаның құрылысы басталған 2013 жылы мұндай гидрооқшаулағышты жасап шығаратын отандық өндірушілер әлі болмағандықтан, біз ресейлік өндірушінің мембранасын қолдандық.

ШСА-дағы үрдіске оралайық. Бұл жерге өздігінен түсіргіш машиналар тотыққан кенді алып келеді. Тек тотыққан кенді, себебі сульфидті кенді күкірт қышқылымен өңдей алмайсың. Кенді өздігінен түсіргіш машиналар тасиды, ал бульдозерлер мен тиегіштер оны белгіленген параметрлер негізінде жинастырады, нәтижесінде пирамидалы трапеция шығуы тиіс.

Бірінші қабаттың (негіздің) ұзындығы 770 метр, ені 110 метр. Бұл бір секция. Әкелінетін кен алаңға тап осы аумақ шеңберінде төгіледі. Бірінші қабаттың биіктігі 11 метрді құрайды. Шоғырдың екінші «қабатының» ұзындығы 710 метр. Көріп тұрғаныңыздай, біз ағымдағы уақытта екінші қабаттағы жұмыстарды бастап кеттік. Жоба бойынша барлығы 6 қабат көзделген. Біз оларды 10 жылда көтереміз. Жобаға сәйкес біздің кешен тап осы уақыт аралығында жұмыс істейді. Бәлкім, біз мұндай өндірістің өміршеңдігін ұзарту жолын ойлап табатын шығармыз. Қандай да бір идеялар мен ұсыныстар көкейімізде жүр, олардың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауымыз керек. Себебі шоғырдың өзінде (шоғырлы сілтісіздендіру алаңында – редакцияның ескертпесі), сондай-ақ сульфидті кенді өңдеу фабрикасының қалдықтарында мыстың едәуір мөлшері қалып қояды. Әлемде мұндай материалды да өңдеу технологиялары бар. Осыған байланысты, өзгенің тәжірибесі мен біздің жаңа технологияларды қолдануға ұмтылысымызды ескере отырып, оңтайлы шешімді табамыз деп үміттенемін.

- 10 жылдан кейін қандай да бір шешім табылмаған жағдайда, алаңның жайы не болмақ?

- Алаңның топырағының құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстары (рекультивация) жүргізіледі, бұл жобада алдын ала қарастырылған. Рекультивация үрдісі кезінде шоғырдағы ерітіндінің PH-деңгейі «7-8» түріндегі қажетті параметрлерге жеткенге дейін кен үйіндісін таза сумен суландыру жүзеге асырылады.

- Кенді рафинатпен қанықтыру туралы толығырақ айта кетсеңіз...

- Жобада тамшылатып суландыру көзделген. Мына тамшыға арналған саңылаулары бар шлангтарды көріп тұрған боларсыз. Ерітінді осы саңылаулар арқылы тамшылайды. Осы технологияны 1,5 жылға жуық уақыт қолданғаннан кейін біз «суландыру дизайнін» өзгерту керек деген шешімге келдік.

Жеткізушілердің бірі бізге бұдан өзге бір шешімді – бұрқақпен суландыру жүйесін ұсынды, мұны біз қыс мезгілінен бастап ұяшықтардың бірінде сәтті сынақтан өткізіп келеміз, енді оған біртіндеп көшуді жоспарлап отырмыз. Бұрқақ технологиясы немесе спринклерлі суландыру жүйесі құны жағынан қымбат болғанына қарамастан, жалпы алғанда ол бізге тиімдірек болып көрінеді. 3-4 есе тиімдірек десем қателеспейтін шығармын.

Біріншіден, бұл технологияны бірнеше рет қолдануға болады. Тамшылатып суландыру жағдайында бұл шлангтардың барлығы кен өнімімен көміліп қалады да, жаңа қабатты орналастыру кезінде қиындық туғызады. Бұрқақпен суландыру жүйесін бұзуға және жаңа ұяшықтарға қайтадан орнатуға болады. Екіншіден, шлангтардағы саңылаулар үнемі бітеліп қалады. Ұяшықтар аумағының ерітіндімен бірқалыпты қанықтырылуын қамтамасыз ету мақсатында біздің жұмысшыларымызға жаяу жүріп, мұндай саңылауларды қолмен тазалауға тура келген кездер де болған. Бұрқақты қолданған жағдайда, мұның барлығын ап-анық көруге болады. Бұл, әсіресе, бізге талап етілетін жұмыс температурасын қолдап отыру үшін аумақты геомембранамен жабуға тура келетін қыс мезгілінде қажет. Себебі суландыру жүйесінің қандай да бір бөлігі бітеліп қалса, ақаулық орнын табу бізге үлкен қиындықтар туғызып, едәуір шығынға ұшыратады. Ал бұрқақты қыс мезгілінде қолданған жағдайда, оларды зақымдап алмау үшін олардың ұшын жанына қарай бұрып, сыртын пленкамен жабу жеткілікті.

- Бұл процесстің барлығын жүзеге асыру үшін сіздерге қанша күкірт қышқылы қажет?

- Орташа есеппен алғанда, тәулігіне 900-950 тонна күкірт қышқылы талап етіледі – бұл шамамен 16 темір жол цистернасына тең. Жаз кезінде айына 29-30 мың тоннаға жуық күкірт қышқылын пайдаланамыз. Қыс уақытында сілтісіздендіру кинетикасы төмендейді, бұл табиғи жағдай – қоршаған орта температурасы неғұрлым төмен болса, сілтісіздендіру жылдамдығы соғұрлым төмен болады. Сондықтан қыста әдетте күкірт қышқылын тұтыну мөлшері біраз төмендейді. Қышқылдың өзі КБК-ге күнделікті Балқаш мыс бақыту зауытынан әкелінеді.  

 

- Күкірт қышқылы қауіпті сұйықтық. Осы алаңда жұмыс істеу кезінде жұмыскерлер тарапынан қандай қауіпсіздік шаралары қолданылады? Жалпы мұнда қанша адам жұмыс істейді?

- Бір вахтада бір учаскеде 13 адам жұмыс істейді. Мұнда жұмыстар тек күндізгі ауысыммен ғана жүзеге асырылады. Күндізгі ауысымда біздің операторлар суландыру жүйесін монтаждау, ақаулықтарды жою жұмыстарын орындаса, түнде автоматты түрде суландыру жүргізіледі. Күкірт қышқылымен үнемі байланыста болғандықтан, жергілікті операторлар айрықша арнайы жұмыс киімін киеді. Ол күкірт қышқылының әсеріне төзімді болып табылады. Үстінен мынадай бір реттік ақ костюмдер киіледі.

Бұл учаскеде қауіпсіз жүріс-тұрысты қамтамасыз етуге бағытталған көптеген рәсімдер мен ережелер қарастырылған – ыдырау үрдісі жүретін учаскелерге жақындауға болмайды. Егер қандай да бір жерде жарылу орын алып, ондағы зат қатты шашырайтын болса, мұндай қиындықты жойғанға дейін нақты бір ұяшыққа қышқылдың берілуін тоқтата тұрады. Егер операторлардың қайсыбірі мұндай жағдайдың орын алғанын байқаса, бірден жарылу орнын ретке келтіруге ұмтылмайды. Ол біріншіден супервайзерге ұяшықтың нөмірін хабарлап, бұл жерге рафинаттың берілуін тоқтатуды сұрайды, бұдан кейін ғана қиындықты жоюға бағытталған қандай да бір шараларды қолданады. Жалпы алғанда, бұл учаске өте тұрақты болып табылады, сондықтан оған аса көңіл бөлу немесе оны қатаң бақылау онша талап етілмейді. Дей тұрғанмен, мұнда автоматтандырылып, арнайы тетіктермен жабдықталған техниканың көмегімен тұрақты түрдегі «көрінбейтін» бақылау орнатылған. Осының арқасында, оператор мыс электролизі зауытының ғимаратында болған жағдайдың өзінде де, рафинат арынының қысымын, оның шығынын және т.б. параметрлерді өзінің мониторында көріп отырады.

- Өндіріс барысы туралы әңгімемізге оралсақ. Оксидті кенді күкірт қышқылымен қанықтыру кезінде не болады?

- Тотыққан кендегі мыс (мысалы, малахит, азурит, хризоколла) химиялық үрдістердің әсерінен күкірт қышқылында ериді де, ерітіндіге өтеді, өз кезегінде мұндай ерітінді PLS жинастыру тоғандарына ағады. Бұл жерден ерітінді зауытқа айдалады. Алынған жасылдау түсті сұйықтық PLS қаныққан ерітіндісі немесе ерітілген мыс деп аталады.

Ерітіндінің алаңға таралуын болдырмай, арнайы жинастырма коллекторы аймағына жиналуын қамтамасыз ету үшін алаңды жобалу кезінде 2-3 градустық арнайы көлбеулік қарастырылған еді. Әр секцияның өзінің коллекторы бар, олардың жалпы саны 9. Қаласаңыз, жоғары көтеріліп, коллекторлардың бірін көріп қайтайық. Бұл ерітіндінің ашық жасыл түсті екендігін байқаған шығарсыз. «Ерітілген мыс» деген осы.

Осы жерге әр 4 сағат сайын маман келіп, әр коллектордан талдау үлгілерін алады да, оларды зертханаға апарады. Ең қызықтысы, әр секцияның өз дренаж жүйесі болғандықтан, әр секциядағы ерітінділердің құрамындағы мыс мөлшері үнемі әртүрлі болады. Яғни, тап осы коллекторларда құрамындағы мыс мөлшері ең жоғары ерітінді (1 литр ерітіндіге шаққанда шамамен 6,5 грамм мыс) қамтылған.

Сосын барлық коллекторлардағы ерітінділер араластырылады да, мыстың орташа мөлшері алынады. Осы мақсатта әр коллекторға «ерітілген мыстың» жинастырма тоғандарға түсуін қамтамасыз ететін құбыр жүйесі жүргізілген.

- Шоғырмен шаймалау алаңы мен кешен ғимараттарының арасында орналасқан екі бассейн туралы айтып тұрған боларсыз?

- Иә, дұрыс айтасыз, біз оларды тоған дейміз. Тұрақты жұмыс істейтін тоғанның бірі PLS тоғаны, екіншісі апаттық тоған болып табылады. PLS тоғанының көлемі 10 000, ал апаттық тоғанның көлемі 95 000 текше метр. Апаттық тоғанның мұндай үлкен болуының себебі неде? Мұның барлығы қандай да бір апат орын алып, оның салдарынан сорғылар бірден тоқтап қалған кезде, гравитация әсерінен бүкіл ерітіндінің осы жерге ағуын қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Егер біз 8-10 миллион тонна кенді сумен қанықтыратын болсақ, қанша ерітіндінің ағатындығын елестетіп көріңіз. Сондықтан бұл тоған осындай шұғыл жағдайлардың алу үшін арнайы жасалған, мұндай ерітіндінің бірде-бір тамшысы топыраққа енбеуі тиіс. Жұмыс жағдайларында бізде үнемі PLS тоғаны қолданылады.

Бұл ретте, біз жұмыс кезінде де арнайы бұрғыланған ұңғымалардың көмегімен жерасты суларының күйін тұрақты түрде тексеріп отырамыз. Егер жерасты суында қышқыл болса, бұл қандай да бір жерде ағыстың пайда болғандығын білдіреді. Ағымдағы сәтте талдау үлгілерінің барлығы қалыпты деңгейді көрсетуде, PH деңгейі нормаларға сәйкес келеді.

- Тоғанның беткі бөлігіндегі мына шарлар не үшін керек? Олар неден жасалынған?

- Қара пластмассадан. Бұл жерден тек шарларды ғана емес, мынадай жүзгіш «қақпақтарды» да көруге болады. Ерітіндіде де су бар болғандықтан, олар мұндай ерітіндінің жылы мезгілде аз булануын қамтамасыз ету үшін қажет. Ал қыс кезінде бұл шарлар жылуды ұстап тұруға да көмектеседі. Химиялық реакция жүретіндіктен, шоғырлы сілтісіздендіру алаңынан ерітінді жылы күйінде шығады.

Зауытқа әкелгенге дейін ерітіндінің жылуды сақтауы аса маңызды, себебі мұндайда химиялық үрдіс жақсы жүреді. Егер ерітінді суық болса, зауыттағы үрдіс баяу жүреді. Әрине, қажетті температураны қолдап отыру үшін бізде арнайы бойлер қарастырылған, алайда ерітінді тым суық болған жағдайда, электр қуатының шығыны едәуір артатындығы түсінікті. Көріп отырғаныңыздай, қазір тоғанның беті шарлармен түгелдей жабылмаған. Бірақ бүгінде жаңа партияның келуін күтіп отырмыз, сондықтан уақыт өтісімен тоғанның беті мұндай жылжымалы «қақпақпен» түгелдей көмкерілетін болады.

- Тоғандар ашық аспан астында орналасқан. Командаларыңыз хауызға қоқыстың, қу ағаштың түсіп кетуі жағдайларымен ұшырасып жататын шығар. Осы ретте не істейсіздер?

- Иә, дұрыс айтасыз, қу ағаштың бізге біраз қиындық туғызатыны анық. Олар сорғыларға түсіп, ерітіндінің әдеттегідей түсуіне кедергі келтіреді. Кейде бізге құбырды тазалау үшін сорғыларды тоқтатуға тура келеді. Сондықтан біздің операторларымыз механикалық бітелу орын алған жағдайда белгі беретін автоматтандырылған жүйенің көрсеткіштерін мұқият қадағалап отырады.

- Ерітінді PLS тоғанынан қайда бағытталады? Ол жерде қандай үрдіс жүреді?

- Ерітілген мыс тоғаннан сорғылардың көмегімен сұйықтықпен айыру зауытына айдалады. Бізде сұйықтықпен айыратын екі цех жұмыс істейді.

Менің ойымша, тап осы жерде ең қызықты үрдістер жүзеге асырылады. Сұйықтықпен айыру цехінде ерітілетін мыс органикалық фазаға өтеді. Мұнда арнайы мыс үшін жасалған экстрагент қолданылады, бұл ретте өзге металдармен жұмыс істеуге арналған әртүрлі экстрагенттердің бар екендігін ескерген жөн. Органика дегеніміз осы. Біздің жағдайымызда, американдық Saitek Solvay Group компаниясы өндіретін Акорга экстрагенті қолданылады. Ол өте тұтқыр келеді, тығыздығы жоғары. Экстрагенттер өте қымбат тұрады, мысалы, Акорганың бір келісінің бағасы 10 доллардан асады, сондықтан оны Регламентке қатаң сәйкестікте шығындау маңызды.

Энциклопедиялық сөздіктен

ЭКСТРАГЕНТТЕР (лат. extraho - тартамын, шығарамын), қатты материалдардан (шаймалау немесе айыру кезінде) немесе сұйық қоспалардан (сұйықтықпен айыру кезінде) жекелеген компоненттерді іріктеп алуға қабілетті заттар. 

Экстрагенттер қызметін көмірсутегілер, спирттер, бейорганикалық қышқылдар мен сілтілердің сулы ерітінділері, фосфаттар (эфирлер), нафтен қышқылдары мен фосфорорганикалық қышқылдар және т.б. атқарады.

Ұшқын шығуы мүмкін болғандықтан, сұйықтықпен айыру цехіне кірместен бұрын, мобильді телефондарымызды бақылаушыға өткізуіміз қажет.

Мұнда араластырғыштар мен тұндырғыштар, нақтырақ айтқанда айыру (3-кезең) және қайта айыру (1-кезең) үрдістері орындалатын ерекше миксерлер мен хауыздар орналасқан. Іс жүзінде бұл нені білдіреді? Тоғаннан келген PLS қаныққан ерітіндісі араластырғыштан тұратын тостаған түріндегі арнайы сыйымдылыққа түседі.

Мұнда «сұйық мыс» ерітіндісі органикамен араластырылады. Араластыру кезінде мысты ерітінді органикалық фазамен байланысқа түседі. Араластырылған ерітінді тұндырғыштарға жөнелтіледі де, мұнда ерітінді заттардың тығыздықтарындағы айырманың әсерінен екі фазаға, нақтырақ айтқанда сулы және органикалық ерітіндіге ажырайды. Бұған орташа есеппен 12 минут кетеді. Осы уақыт ішінде, төменгі қышқылдылық жағдайында мысты айыруға қабілетті органика мыспен қанығады, ал сулы ерітінді, керісінше, мысты айырады.

Бізде қолданылатын Акорга экстрагенті туралы айтып өтейін. Оның іріктеу көрсеткіші өте жоғары (1:1000). Күкірт қышқылының мөлшері төмен болған жағдайда, ол ерітіндіден тек мыс иондарын ғана алады. Бұл ретте бізге Лондон биржасында бағаланатын ең жоғарғы 99,99 сынамалы таза мыс керек екендігін ескерген жөн.  

Мына төңкерілген конусқа қараңызшы. Айыру бассейндердің ішіндегі заттар осыған ұқсайды. Үстінде органика (мыс иондарын өзіне сіңдірген экстрагент), астында сулы фаза (қышқыл ерітіндісі және өзге де элементтер) орналасқан.  

  

Оператор өткізгіштік (миксердегі сұйықтықтың электр өткізгіштігі) тетіктерін бақылап отырады. Тетіктер нөлдік өткізгіштік мәнін көрсетсе, бұл үрдістің әдеттегідей қалыпты жүріп жатқандығын білдіреді. Көрсеткіштердің 0,3; 0,5; 1; 10 шамасына артуы күмән туғыза бастайды. Бұл миксерлі сыйымдылықта араластыру әрекеті сулы фазаның (PLS ерітіндісі) басымдығымен жүзеге асырылатынын көрсетеді. Мұны тұндырғыштардың ішіндегі судағы май үлдірінен де байқауға болады.

Мұндай белгілер пайда болған жағдайда, оператор құйылатын ерітінді көлемін қысқартудан бастап оны толық тоқтатуға дейінгі тиісті шараларды қолданады. Әдетте, жұмыс барысының мұндай тәртіпте тұрақсыздану себебі крад деп аталатын үшінші фазаның туындауы болып табылады.

Крад (Crud) – бұл органика мен PLS ерітіндісін араластыру нәтижесі. Химиялық үрдіс есебінен кремний немесе кальций сияқты өзге минералдардың бөлшектері сулы фаза мен органикалық фаза арасында екіұдай жағдайда болатын бөлшектерді түзеді. Крад – бұл сұйықтықпен айыру технологиясы қолданылатын зауыттардың барлығының соры саналады. Онымен күресу үшін центрифуга-сепаратор сатып алдық.

Крадты кәдеге жаратуға жіберместен бұрын, біз оны суға, органикаға және қоспаларға бөлеміз. Су мен органиканы жұмыс үрдісіне кері қайтарып, қалған қоспалар мен қалдықтарды лақтырамыз. Жалпы алғанда, бұл үрдісті қалдықсыз деуге болады, оның тиімділігі өте жоғары. Қазақстанда бұл әдістеме 6 жыл бұрын ғана қолданыла бастаған шығар, ал әлемде мыс өңдеудің мұндай барынша тиімді әрі үнемді тәсілдердің бірі бұрыннан бері пайдаланылып келеді.

- Ал қайта айыру (реэкстракция) дегеніміз не?

- Ерітінді айырудың (экстракция) 3-кезеңінен өткеннен кейін, мыспен қаныққан органикалық фаза қайта айыруға жіберіледі. Бұл жерде ол тап осындай электролитті миксерлердің көмегімен қышқылдылық деңгейі PLS ерітіндісінің қышқылдылық деңгейінен 20 есе артық жоғары концентрациялы күкірт қышқылы ерітіндісімен араластырылады. Мұндай жағдайда органика, керісінше, мыс иондарын ерітіндіге (электролитке) бере бастайды. Тап осы үрдіс қайта айыру деп аталады.

Қайта айыру тұндырғышындағы сұйық фазаның түсі қалай өзгергендігін көріп тұрсыз ба? Күңгірт көк түске боялған. Бұл құрамындағы мыс мөлшері 1 литрге шаққанда шамамен 50 грамды құрайтын электролит болып табылады. Яғни, мыстың бұдан былай органиканың құрамында емес, сулы фазада екендігін байқаймыз. Тап осы электролит электролиз цехіне ары қарай өңдеуге жіберіледі. Ал мыстан айырылған органика айыру үрдісіне қайта оралып, мысты тарту және беру арқылы циркуляцияланады.

- Жаңа қандай да бір жуғыштардың жанынан өттік. Олар қандай мақсатпен орнатылған?

- Бұл апаттық душ. Қандай да бір себеппен біреуге күкірт қышқылы тиген жағдайда, ол осындай станцияға келіп, бойындағы ерітіндіні дереу жууы тиіс. Тұтқасын жылжытатын болсаңыз, бірден таза су ағыны ағады.

Егер көзге немесе бетке қышқыл түсіп кеткен болса, мұнда бұрқақ сияқты жұмыс істейтін кран қарастырылған, оның астына бетіңізді төсеуіңіз керек.

Күкірт қышқылының таралуына байланысты, мұнда өртену қаупі де бар. Сондықтан үй-жайдың төбесі көбікпен автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Барлығы 800 капсула, біреуі жарылған кезде, жүйе бірден іске қосылады.

- Айтпақшы, қауіпсіздік демекші... Бізге жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) берді, кәсіби маман болмасам да, олардың сапасының өте жоғары екенін аңғардым.

- Мұндағы арнайы киімдер мен жеке қорғаныс құралдарының (ЖҚҚ) сапасы өте жоғары. Бұған компания қаражатын аямайды. Арнайы киім мен аяқ киімді өндірісте қолданылатын киімдерді өндіруде өзін жақсы таныта білген мамандандырылған жетекші брендтер өндіреді. 

- Нақты қандай ЖҚҚ мен керек-жарақтарды сатып алу керектігі туралы шешімді кім қабылдайды?

- Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бөлімі. Біз өз қалауымызды білдіреміз. Бұл ретте, әртүрлі жеткізушілердің презентацияларына жиі қатысып тұрамыз, олар бізге өздерінің өнімдерін ұсынып, оларды бізге сынап көру мақсатында қалдырады.

Жақында бізге 3М компаниясының өкілдері келіп кетті, олармен қорғаныстық көзілдірік түрлерін талқыладық. Олар бізге әртүрлі учаскелерге арналған көзілдіріктердің бірнеше нұсқасын ұсынды. Мәселен, пластмассадан жасалған көзілдірік булану жағдайында өзінің қорғаныстық сипаттарын жылдам жоғалтып, бұлыңғырлана түсетіндіктен, электролиз учаскесінде шыныдан жасалған көзілдірік қажет. Не болмаса қолғапты алайық... Әртүрлі жұмыс жағдайларына әртүрлі қолғап қажет. Кейде тоқыма қолғап ыңғайлы болса, кейде резеңке қолғап ыңғайлы болуы мүмкін. Сондықтан жеткізуші мен тауарларды таңдау кезінде біз өндіріс мамандарының пікірін ескереміз.

- Енді қайда барамыз?

- Мыс электролизі цехіне. Оған жаяу баруға болады.

- Қызғылт сары цистерналар не үшін қолданылады?

- Бұл цистерналар күкірт қышқылын сақтау қоймасы қызметін атқарады. Олардың жанынан PLS тоғанына ұқсас тоғанды көріп тұрсыз ба?! Тап осы жерде шоғырмен шаймалау алаңын суландыруға арналған 3%-дық күкірт қышқылынан тұратын рафинат түзіледі. Бізге бұдан да күшті ерітінді қажет болған жағдайда, ерітінді 10%-дық ерітіндіге айналуы үшін осы тоғаннан шоғырмен шаймалау алаңына апаратын құбырға тағы да қышқыл қосамыз.  

- Мыс электролизі цехінің қандай ерекшеліктері бар?

- Біріншіден, мұнда қышқылдың қатты булану үрдісі жүреді, сондықтан біз респиратор киюге міндеттіміз. Оған қатысты ақпараттардың негізгі бөлігін цехке кіріп-шыққаннан кейін айтайын.

Мыс электролизі цехінде Спинтек мультимедиялық принтері орнатылған. Мұнда байытылған электролит тазарту үрдісінен өтеді. Орташа есеппен алғанда, бұл кезеңде 1 литр электролитте 48-50 грамм мыс болады. Сондай-ақ электролит оны тығыздығы төмен қоспалардан толықтай тазарту үшін электролит тұндырғышы арқылы өткізіледі де, электролиз ванналарына түседі.

Мыс электролизі цехі екі қарама-қарсы электролиз учаскесінен тұрады, олардың ортасына электролит тұндырғышы орнатылады. Электролиз учаскелері – бұл электр тоғының әсерінен электролит ерітіндісінде мыстың пластиналарға тұндырылуы жүзеге асырылатын арнайы «ванналар». Екі электролиз цехінде орындалатын үрдістер бірдей. Айыру кезіндегі әрекеттер де бір-бірінен ерекшеленбейді. Есіңізде болса, бізде ол жерде тағы 2 цех бар. Егер, мәселен, жөндеу жұмыстарына байланысты бір цехті тоқтатуға тура келсе, екінші цех жұмыс істеуін одан әрі жалғастырады.

Физика сабағын есімізге түсірейікші: мыс иондары оң зарядты, катодты матрицалар (тот баспайтын болаттан жасалған пластиналар) теріс зарядты. Катодты пластиналар қорғасыннан жасалған анодты пластиналар салынған электролиз ванналарына батырылады. Электр тоғын берген кезде мыс иондарынан тұратын электролит катодтарға қарай тартылады. Осылайша, мыс біртіндеп пластиналарға тұндырылады.

Әр электролиз цехінде 27 данадан бөлінген 54 электролиз ваннасы бар. Жалпы алғанда, бізде 108 ванна бар. Олардың барлығы жанаспалы электр шиналары тізбегімен байланысқан, осы тізбектер арқылы 54 ваннаға 30-33 мың Ампер электр тоғы беріледі.

Айтпақшы, осы деңгейде біз электролит ерітіндісіне тұндыру құрылымын тегістеуге көмектесетін арнайы реагенттерді де қосамыз. Себебі ерітілген мыстың құрамында микрокристалдар болады. Тұндыру кезінде дендриттер деп аталатын кішігірім түйіндер түріндегі түзілімдердің болмауы маңызды. Мыс табағының беті тегіс болуы тиіс, себебі дайын өнімнің сапасы осыған байланысты. Біз жоғары сапалы (99,99) мыс өндіреміз. Егер мыстың табақтарында өлшемі 5 мм және одан жоғары дендриттер болса, олардың құны бірнеше есеге төмендеп кетеді. Мұндай мысты өндіру біз үшін тиімсіз, сондықтан тұндыру үрдісінің барлық матрицаларда тиісті ережелерге сай жүруін мұқият қадағалап отырамыз.

- Мысты тұндыру үрдісіне тағы да біраз тоқталып кетесіз бе? Табақтардың өлшемдері қандай? Операторларыңыз аталған үрдістің өзін қалай басқарады? Ол қанша уақытқа созылады?

- Мыс ені мен ұзындығы бір метр катодты табақтарға, нақтырақ айтқанда тағайындалған параметрлерге қатаң түрде сәйкес келетін матрицаға тұндырылады. Тұндырылған мыстың қалыңдығы сыдыру кестесіне тәуелді 3,5-тен 5 мм дейінгі аралықта ауытқып отырады. Біз мыстың әрбір матрицада тұндырылу тәртібін, электролиз үрдісі басталатын уақытты, сондай-ақ тоқ күшін білу арқылы осы сәтке дейін неше келі мыстың тұндырылғанын үнемі болжай аламыз. Осы мақсатта бізде EXCEL кестелері мен графиктерінде қажетті есептеулер жүргізілген. Катодты мыс табағын алу үшін орташа есеппен 7 күн қажет. Инженер-технологтар осы үрдісті өздерінің мониторларында үнемі қадағалап отырады.

- Егер сіздерден «өндіру жылдамдығын арттыруды» сұраса, бұл өнімнің сапасына әсер етеді ме?

- Әрине. Физикалық тұрғыдан, әрине, 5 күн ішінде табақта 36-40 кг мысты тұндыруға болады, бірақ бұл үшін тоқ тығыздығын 34 мың Ампер түріндегі максималды мәндерге дейін арттыру керек. Осының арқасында тұндыру қарқынын барынша үдетуге болады. Ал бұл қажетсіз дендриттердің түзілуіне әкеп соқтырады. Сондықтан біз сапаны төмендетпеуге тырысамыз. Бұған қоса, өндіріс толықтай автоматтандырылған. Жалпы алғанда, осы зауытта автоматтандыру ең жоғары деңгейде екендігін атап өткім келеді. Өз басым өзге зауыттарда да жұмыс істеп көргендіктен, салыстыру қиын емес. Бұл, шындығында да, әлемдік деңгейдегі зауыт. Бірнеше мониторды бақылайтын бір оператор шоғырлы сілтісіздендіруден бастап, осы электролизге дейінгі бүкіл процессті басқарады.

Параметрлер мен деректердің көбісі оператор тарапынан түзету енгізілуі мүмкін бір торапқа негізделеді. Бұл ретте, ол шешімді өз бетімен қабылдайды. Қисық сызық төмен түсіп бара жатқанын байқаса, нақты шаралар қолданады. Біз, жетекшілер ретінде, оларға тек жоспарлар ұсынып, олардың алдына нақты мақсаттар қоямыз. Мысалы, тәулігіне 80 тонна мысты тұндыру туралы тапсырма беруіміз мүмкін. Оператор өзінің ауысымы аяқталған соң осы мақсатқа қол жеткізе алғанына немесе екінші ауысымда осы жоспарды қуып жету керектігіне жеке баға береді. Себебі, өндірісте әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Ең бастысы, біздің бағдарламада барлығы қадағаланады. Ол арқылы келіп түскен электролиттегі мыс мөлшерінің қанша екендігін, электр ағынын беру кезінде қандай да бір ауытқудың орын алғандығын және т.б. деректерді білуге болады.

- Матрицалардың жанына пластмассалы шарлар қойылған екен, олар не үшін қажет?

- Электролит судан тұратын кез келген ерітінді сияқты қыздыру кезінде буланады. Осы шарлардың көмегімен бұл үрдістің қарқынын бәсеңдетеміз. Жыл соңында ванналарды қышқыл заттардың буларына арналған арнайы ауа тартқышпен жабдықталған қақпақпен жабуды жоспарлап отырмыз. Аталған жабдыққа тапсырыс беріліп қойды.

- Айтпақшы, өндірісте қолданылатын су турасында сұрайын деп едім. Оны қайдан аласыздар және қалай шығындайсыздар?

- Біздің зауытта қолданылатын су айнала циркуляцияланады, сондықтан булану кезінде жоғалтқан су көлемін ғана қосамыз. Жалпы, суды 9 ұңғымадан аламыз. Судың негізгі көлемін, нақтырақ айтқанда 95%-ға жуық мөлшерін сульфидті кенді өңдеу фабрикасы тұтынады, себебі ол жерде көп мөлшердегі су соңғы өнімдерге жұмсалады. Біз судың жалпы көлемінің 5%-дан аспайтын бөлігін ғана тұтынамыз.

- Соңғы дайын өнім туралы сөз қозғап өтсеңіз.

- Біздің дайын өніміміз табақ түріндегі катодты мыс болып табылады. Сапасы М00К таңбасына сәйкес келеді, химиялық құрамы бойынша 99,99% таза мыстан тұрады. Мыс табақтарын алу қазіргі таңда арнайы роботтың көмегімен жүзеге асырылады. Бастапқыда 17 катод жоғары көтеріледі де, таза сумен жуылады, сосын машина оларды сыдырып алады да, паллеталарға жинастырады. Айтпақшы, катодтардың барлығын бір ретте көтеруге болмайды, кері жағдайда электр тізбегі ажырап кетеді.

Біз өндіретін мыстың 1 табағы орташа есеппен 40-45 келі тартады, ал бір паллетаның салмағы шамамен 2400 килограмм. Зауытымыздың мысын Ресейдегі тұтынушылар күтіп отыр. 

2016 жылдың тамызында жоспарлы өндіру көрсеткішіне қол жеткіздік. Өткен жылы барлығы 18 000 тонна катодты мыс өндірдік. Бұл өте жақсы көрсеткіш, командамыз жұмыла жұмыс істеді. Өндіріс орны іске қосылған бірінші жылы бірден жоспарлы нәтижелерге қол жеткізу – үлкен жетістік. Айыру кезеңі біртіндеп жүзеге асырылды. Алғашында 2015 жылдың желтоқсанында бірінші, 2016 жылдың қаңтарында екінші айыру қондырғысы іске қосылды. Қыс мезгілінде бүкіл өндіріс үрдісін жөнге салу едәуір күрделі іс болып табылады.

- Өз командаңыз туралы ескеріп өттіңіз. Бізді олармен таныстыра аласыз ба?!

- Командалардың негізгі штатына бұған дейін Балқаш мыс қорыту зауытында, «Қазцинк», «Стройнефть» және өзге де компанияларда жұмыс істеген тәжірибелі мамандар іріктеліп алынды. Бұл адамдар айыру және электролиз технологиясын жетік меңгерген. Дегенмен команда жаңадан құрылғандықтан, бұған қоса нарықта бізге қажетті профильдегі мамандардың онша көп еместігіне байланысты, жұмыскерлеріміздің 90%-дан астамының мұндай тәжірибесі жоқ еді. Сондықтан біз әлеуетті, қарымды адамдарды іздедік, оларды оқыттық, осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастырудам

0 комментария(-ев)

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

20.04.20 10:33

test321

20.04.20 10:30

test123

27.03.20 02:47

Отличная новость!

26.03.20 11:37

Классное место!

26.03.20 08:43

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Показаны 5 из 5 элементов