В KAZ Minerals ежедневно происходят события различного масштаба.
Filter:

null Сан қырлы мамандық

17.04.2017

Қарау саны: 42

; assetEntryID = 705095

KAZ Minerals Тобының карьерінде және жерасты кенішінде жұмыс істейтін геологтар өз жұмыстарының ерекшеліктері туралы айтып берді. Kazminerals.info-ның блиц-сұрақтарына "KAZ Minerals Бозшакөл" ЖШС-нің ресурстарды бағалау жөніндегі геологы Қазбек Бекқарнаев (ҚБ) және «Шығыстүстімет» ЖШС Артемьев шахтасының учаскелік геологы Самал Әмренова (СӘ) жауап берді.

Сіздің мамандық бойынша және KAZ Minerals Тобындағы жұмыс өтіліңіз қандай?

ҚБ: Мен еңбек жолымды 2005 жылы бастадым. Ол кезде студент едім. Геологиялық консалтинг компаниясында техник-геолог ретінде геологиялық мәліметтерді жинақтаумен айналыстым. Университетті тәмамдаған соң геолог ретінде Алматы облысында алтын іздедім және вольфрам-молибден кен орнындағы барлау жұмыстарында болып, геологиялық барлау шараларының барлығына қатыстым. Сосын жеті жыл бойы консалтингтік компанияда геолог, жетекші геолог болып жұмыс істедім, ҚР ҚМК стандарттарына және JORC кодексіне сәйкес минералды ресурстарды модельдеумен және бағалаумен айналыстым.  Васильков, Куранах, Риддер-Сокольный, Үшқатын-III және т.б. кен орындарының ресурстарын бағалап, модельдерін жасадым. Қазақстанның және Ресейдің түрлі кен орындарын араладым. 2012 жылы ҚР ҚМК тәуелсіз сарапшысы болдым. 2014 жылдан бастап Геологтар мен геофизиктердің Австралиялық институтына (AIG) мүшемін.  Бозшакөлде 2014 жылдан бастап қызмет етіп жүрмін. Мұнда сынамалау мен талдау жұмыстарының сапасын бақылап, модель жасаумен, ресурстарды бағалаумен, барлау және игеру мәліметтерінің геологиялық есептермен салыстырумен айналысамын. 

СӘ: Жалпы жұмыс өтілім және компаниядағы жұмыс тәжірибем 10 жылға таяу. Артемьев шахтасына 2008 жылы келдім. 

Қашан және не үшін геолог болуға бел будыңыз?

ҚБ: Бірден геолог боламын деп ойлаған жоқпын. Орта мектепті аяқтаған соң «Ақпараттық технологиялар» мамандығына түстім. Оқудың бір жылы өткенде саяхат жасап, қызықты дүниелерді ашқым келді. Сөйтіп, геолог мамандығын таңдадым.

СӘ: Тастарды, минералдар, жер қойнауын зерттеу, бір сөзбен айтқанда зерттеу жұмыстары мені қатты қызықтыратын. 10-сыныпты тәмамдағанда әпкем Өскемен қаласына оқуға құжат тапсыруға барды. Мен де еріп бардым. Мамандықтардың тізімін қарап тұрғанда болашақта геологияны таңдаймын деп шештім. Мұқият дайындалып, аңсаған мамандығыма түстім. 

Бұл мамандықты қай жерде игердіңіз?

ҚБ: 2001 жылы мен Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне түстім. Ал 2006 жылы оны үздік тәмамдап, «Геологиялық түсірілім, ПҚК іздеу және барлау» мамандығы бойынша инженер дәрежесін алдым.

СӘ: Мен Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде оқыдым. Оқу процессі өте қызықты өтті. Бірінші курстан бастап практикалық сабақтар болды. Бастапқыда Өскемен қаласының айналасын зерттеп жүргенімізде аздап көңілім қалғаны рас. Себебі мен ойлағандай болмады. Кейін шахтаға барғанда жер қыртысын толықтай көре алдым десе болады. 

Жер бетіндегі геологтың жұмысындағы ерекшеліктер неде? 

ҚБ: Кеніштегі геологтардың жұмысында айтарлықтай ерекшеліктер жоқ. Карьер де, шахта да сүйемелдеу пайдалану барлау жұмыстары жүргізіледі. Карьерде төселім, шахтада кенжардың қабырғалары қаралады. Экономикалық заңдылықтарға сәйкес ашық түрде кен өндіруде металдардың құрамы шахтадан қарағанда аз. Сол себепті бір қарап кенді анықтау қиын. Мұнда көбінесе талдаулардың нәтижесіне жүгінуге тура келеді. Карьердегі тау жынысының көп көлемі аршылғанда әрдайым бұған дейін барланбаған кендер табылып жатады. Есесіне шахтада есептеу жүргізу оңайырақ: қай жерден кен қазылғанын нақты білуге болады. Ал карьерде бұл жағы қиындау. 

Жерасты геологтарының жұмысындағы ерекшеліктер неде?

СӘ: Жерасты геологтарының басты ерекшелігі – жеделдік. Себебі мұндағы өндіріс бір сәтке де тоқтамайды. Өндірістік процесс немқұрайлыққа шыдамайды. Сондықтан учаскелерді қажетті мәліметтермен қамтамсыз етіп, кеншілерге тиісті жұмыс ауқымын беру керек. Айталық, геологсыз маркшейдер бұрғылау жұмыстарына жолдама бермейді. Негізі барлық шаруа геологиядан басталып, геологиямен аяқталады. Себебі, өндірілген кеннің талдау нәтижелері де бізге келеді. Жұмысқа келгеннен кейін мен өзімнің учаскеме (белгілі учаскенің қызметкерлері отыратын кабинет – редакциядан) барам. Учаске бастығымен бірлесіп түрлі мәселелерді талқылаймыз. Айталық, қай жерге және қай кенжарға бару керектігін айтамыз. Сосын бұл жоспарларды шахтаның аға геологымен талқылап, сосын шахтаға барамын. Шахтада кеннің қай жаққа жылжығанын, кеннің қаншалықты деңгейде екендігін, оның кенжардағы орналасуын тексеріп, қараймын. Кенжардың сызбасын жасап, кеннің төселіміне көңіл аударамын. Біздер дирижер сияқтымыз. Қай жерден кенді алған дұрыс, қай жерді уақытша тоқтату керектігін үйлестіреміз. Себебі, біз кендегі металдың үлесін бақылаймыз. Геологтар шахтаның көзі іспеттес. Бірнеше сатыдан тұратын тексеру жүргіземіз: қазылған кенді бірден қараймыз, кеннің құрамын анықтайтын арнайы құралдарды пайдаланамыз және зертханада жасалатын химиялық талдауға жүгінеміз. Ең бастысы – жоспарлы және нақты құрамның сәйкес келуі. 

Егер сізге геологтардың бес тармақтан тұратын ережелер жинақтамасын құрастыруды сұраса, ол қандай болар еді?

ҚБ:

1. Табиғатты аялап, оның байлықтарын орынды пайдалану.

2. Кәсіби дағдыларды шыңдау. Әлемде бірдей екі кен орнын табу мүмкін емес. Сондықтан үнемі жаңа зерттеулер жүргізу қажет.

3. Білгеніңмен бөлісу. Ешкім де барлық дүниені игерген емес.

4. Кәсіби байланыстарды сақтау.

5. Іссапарлар мен жұмыстың түрлі жағдайларына дайын болу.

СӘ: 

  1. Ең бастысы – өз ісіңді сүйіп жасау.
  2. Үнемі табанды болу.
  3. Шыдамдылық. Геология – ауыр және жауапты жұмыс.
  4. Өзіңді-өзің жетілдіру. Мұндағы әр күн басқа күнге ұқсамайды. Әрдайым тосын оқиғаларға дайын болу қажет. Өйткені жер қойнауын 100% зерттеген адам жоқ.
  5. Командалық жұмыс. Шахта – бірыңғай организм сияқты. Мұнда жалғыз немесе бөлектене жұмыс істей алмайсың. Біз басқа қызметтермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. 

Мамандығыңыздағы басты тәлімгерлеріңіз туралы айтып берсеңіз...

ҚБ: Менің алғашқы тәлімгерім – Виктор Иванович Данилов, консалтингтік компанияның бас геологы. Оның жұмыс тәжірибесі 55 жыл. Ақбақай кен орнын барлағаны үшін оған «Кен орынды тұңғыш ашушы» атағын берген. Тағы бір тәлімгерім – Владимир Викторович Данилов. Оның геологиядағы жұмыс тәжірибесі 30 жылдан астам. Оның арқасында мен іздестіру-барлау жұмыстарына қатысып, көптеген кен орындарды араладым. Бозшакөлдегі тәлімгерім - Эшли Браун. Ол менімен және әріптестеріммен геостатистикадағы тәжірибесімен бөліседі. Ал Әлжанова Баян Ғазизқызы кеніштегі геология бойынша кеңес береді. 

СӘ: Еңбек жолымның басында маған және мен сияқты жас геологтарға Татьяна Александровна Исаева тәлімгер болды. Ол бізді өз балаларындай көрді. Практикалық геологияға қолымыздан жетектеп алып келді десем болады. Барлығын үйретті. Біз алғашқы құжаттамадан бастап, қорытынды жұмысқа дейін барлығын игердік. Қазір АӨК-нің бас геологы Талғат Нұрмұхамбетовпен және «Шығыстүстімет» ЖШС-нің бас геологы Зоя Евграфовамен тығыз байланысты жұмыс істейміз.

Жаңадан келген мамандарға берер кеңесіңіз?

ҚБ: Геология, тіпті барлық дәл ғылым түрлеріне, келгендерге «үнемі өз білімдеріңізді жетілдіріңіздер» деген кеңес берер едім. Ғылым дамып жатыр. Ал бүкіл әлем бар білгенімен ағылшын тілінде бөліседі. Сондықтан тіл үйренудің маңызы зор. 

СӘ: Геология – өте қызықты сала. Өз ісіңді беріліп атқарсаң, оның әуре-сарсаңы болмайды. Жұмыс күні қалай өткенін де білмей қаласың. Сенің пікіріне көп нәрсе байланысты. Тіпті шахтаның тарихы да өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан үнемі мұқият болу қажет. 

Геолог күнін атап өтесіз бе? Қалай және қай жерде?

ҚБ: Әдетте біз әріптестерімізбен табиғат аясына шығамыз немесе тау етегіндегі дәмханада жиналамыз. Өткенді еске алып, қызықты оқиғалар туралы айтамыз. Мұндай дүние геологтарда әрдайым бар. 

СӘ: Әрине атап өтеміз. Бұл біз үшін басты мереке. Үнемі жиналып, достарымызды, тәлімгерлерімізді шақырып көңілді өткіземіз. 

0 Comments

Популярное на сайте

Популярное на сайте

4/20/20 10:33 AM

test321

4/20/20 10:30 AM

test123

3/27/20 2:47 AM

Отличная новость!

3/26/20 11:37 AM

Классное место!

3/26/20 8:43 AM

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Showing 5 of 5 Items