Для своего персонала и внешней аудитории KAZ Minerals выпускает разнообразные медийные продукты.

null Кеніштегі гид. Ертіс шахтасы

02.03.2018

Қарау саны: 0

Kazminerals.info Топ кәсіпорындарындағы «Экскурсия» айдарын жалғастыруда. Бізбен компанияның фабрикалары, шахтарлары мен карьерлерінің басшылары сұхбат құрады. Біздің бүгінгі гид – Ертіс шахтасының бастығы Аршат Кизатаев.

Ертіс полиметал кен орыны Березов-Белоусов кен алаңының орталық бөлігінде орналасқан. Ол 1964 жылдан бастап игеріліп келеді. 2018 жылдың қаңтар айының соңындағы мәліметке сәйкес Ертіс шахтасында 738 адам жұмыс істейді. Олардың 80 әйелдер. Жұмыс үш ауысыммен жүзеге асырылады.   

Аршат Мұқанұлы, шахта неден басталады?

Жұмысшылар үшін шахта жердің бетінде басталып қояды. Олар алдымен кабинеттерге барып, наряд-тапсырмаларды алады. Сол жерде немесе арнайы кабинетте қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтан өтеді. 

Сосын жұмысшылар киім ауыстырып, медициналық тексеріске барады. Біздің медициналық пункт жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешенде орналасқан. Сіздер үшін де біздің экскурсия сол жерден басталады – шахтаға түсетін әрбір адам алкотесттен өтіп, қан қысым өлшейді. Егер барлық көрсеткіштер қалыпты болса, шам тарататын жерге барасыздар. Ол жерде шам, өзін-өзі құтқару құралы және ЖҚҚ беріледі. 

Одан әрі коперге барып, шахтаға түсеміз. Ол жерде жолаушыларды тасымалдайтын электровозбен шахтерлердің жұмыс орындарына дейін барамыз.  Олардың барлығы күнделікті осылай істейді. Бір айырмашылығы – олардың әрқайсысының жеке бағыттары бар және оған сәйкес қозғалады. 

Шахталық пайдалану копері – шахтаның үстінде орнатылған құрылым. Ол көтеру машинасын орналастыру үшін қажет. Коперлер мұнара немесе шатыр түрінде болады. Мұнаралы копердің шатырдан айырмашылығы мұнда барлық инфрақұрылым копердің ішінде орналасады және көтеру машинасының тростарын шамадан тыс майысуынан сақтап, түсіру тереңдігі мен көтерілетін жүктін салмағын арттыруға мүмкіндік береді. 

Әрбір жұмыс істеп тұрған горизонтта шағын бөлмелер бар. Ол жерде жұмыс бабы талқыланады. Оларды «шәйхана» деп те атайды. Жұмысшылар өздерімен алып келген «тормозоктарын» сол жерде ашып, тамақтанады, шәй ішеді. Әйтеуір, мен  ұңғылауда жұмыс істегенде біз солай жасайтынбыз. Шахтаға түскен соң, жұмыс орнымызға дейін жетіп, осындай бөлмелерде  тапсырмаларды талқылап, әрі қарай жұмыс істеуге кететін едік. 

Әр ауысымның өкілдері жарықты тексереді, ауа сынамасын алып, газ бар-жоғын көреді, кенжарды тиянақтайды, бекітеді, бұрғылайды, бекітілген кестеге сәйкес жарылыс жұмыстарын жүргізеді және кенді тиейді. Тау-кен шебері бір ауысымда екі рет өзінің барлық жұмыс блоктарын аралап шығады. Сонымен қатар, ол бұрғылау-жару жұмыстары кезінде маңайда ешкім болмауын қадағалап, соған жауапты. Жалпы шебердің міндеті – жұмыс барысын бақылап, қауіп-қатердің алдын алу. Шахтаға түскеннен кейін ол  жарық, желдету және тағы басқа мәселелерді тексеруі керек. Егер бір жерден ақау байқаса, адамдарды жұмысқа жібермейді. Бұл проблема жайында учаске бастығына, ал одан әрі бас инженер мен кеніштің бастығына хабарланады. Анықталған бұрмалаушылықтар толықтай жойылғанша жұмыс тоқтайды.   

Шахтадағы негізгі қауіп-қатерлер қандай?

Электр тоғынан жарақат алу, биіктіктен құлау, жаяу адамдардың көлік құралдарымен кездесуі, газдың пайда болуы, тау жыныстарының опырылуы.

Ертіс шахтасының ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз? Қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтың барысында бізге Ертіс шахтасының Шығыстүстіметтің өзге шахталарынан айырмашылығы бар деп айтты. 

Орлов және Артемьев шахталары өздерінің жұмысында түрлі механизмдерді қолданады. Олардағы қолмен жасалатын жұмыстың үлесі 20% шамасында. Бізде қол еңбегінің мөлшері 90%-ға жуық. Себебі мұндағы кен әлсіз және оны техниканың көмегімен өндіру мүмкін емес. «Әлсіз» деген термин кеннің тігіннен, яғни 85 градус бұрышпен орналасқанын білдіреді. Қуаты 1-6 метрдің шамасында, кеннің тұрақтылығы орташа және жарықтары бар. Мұндай ерекшеліктер машиналы техниканы пайдалануға мүмкіндік бермейді.

 

Бірақ біздің жігіттер құр қол жұмыс істейді деген сөз емес бұл. Шпурлар арнайы перфораторлармен бұрғыланады, тау-кен массасын тиеу-жеткізу машиналары тазалайды, ал оны электровоздар тасымалдайды. 

Осының бәріне қарамастан Ертіс шахтасы ұзақ уақыт бойы ең тұрақты кәсіпорындардың бірі болып келеді. Тәулігіне біз 1800 тонна кен өндіреміз. Жылдық жоспарымыз 650-680 мың тонна кен. Мұндағы мыстың мөлшері 1,5% және мырыштың мөлшері 3,3%. 2017 жылы біз барлық көрсеткіштер бойынша жоспарды орындадық. Нақтырақ айтсам, 22 желтоқсанда біз жылдық жоспарды орындап тастадық. 

Бір уақытта шахтаға қанша адам түседі?

Ауысымға байланысты. Егер таңғы ауысым болса, инженерлерді, техникалық қызметкерлерді, бригадирлер мен қосалқы цехтардың өкілдерін қоса есептегенде 150 адамға жуық. Түңгі ауысымда адам аздау- 98-100 адам.

 

Егер шахтаға жаңадан адам келсе және бұрын шахтада жұмыс істемесе, оған арналған қандай іс-шаралар бар?

Біріншіден, бұл адамға тиісті тәжірибесі бар тәлімгер бекітіледі. Жаңадан келген қызметкер тағылымдамадан өтуші адам ретінде үш ай бойы тәлімгерімен бірге жұмыс істейді. Содан кейін ол емтихан тапсырады. Емтиханды қауіпсіздік техникасы қызметі, бас механик, бас энергетик, еңбек және еңбекақы, кадрларды дайындау бөлімдері және мен қатысатын үлкен комиссияның алдында тапсыру қажет.  Бірақ шахтаға түсердің алдында жаңадан келген қызметкер арнайы 10-күндік оқытудан өтеді.

Шахтадағы қолғалыстың қағидаттары қандай? Айталық, жалғыз жүруге бола ма?

Шахтада жалғыз жүруге болмайды. Егер шахтада бөтен адам болса, айталық, мына сіздердей, оларды ертіп жүретін мамандар бекітіледі. ИТҚ немесе ҚТ бөлімінің мамандары. Ал шахта қызметкерлерінің қозғалыс бағыттары бар. Бригадалар бірге, бекітілген бағытпен жүруі тиіс.

Көтерменің ішіне қанша адам сыйады? Мұнда өзіне тән ережелер бар ма?

Бір мезетте жолаушылар көтермесіне оқпаншыны қосқанда 21 адам кіре алады. Көтерме қозғалғанда сыртқа аяқ, қол, басты шығаруға болмайды. Қозғалыс барысында тұтқадан ұстанып тұру керек. Ең бастысы – оқпаншыны тыңдау қажет. Ол мұндағы ең басты адам.

 

Экскурсиямыз қай қабатта өтеді?

Біз 12-қабатқа барамыз. Бұл 650 метр тереңдік. Біздегі өндіріс 12, 13 және 14-қабаттарда жүріп жатыр. Шахтаның жоспарына сәйкес әзірге 16 қабат көзделген. Қабаттардың арасындағы таудың қалыңдығы – 50 метр.

Жер астындағы тереңдікте тұрсақ та, тынысымыз тарылмай, еркін дем алып тұрмыз. Бұл қалай болғаны?

Ертіс кенішінің қабаттары «Вспомогательная», «Скиповая», «РЭШ» және «Иртышская» сияқты оқпандармен тесілген. Барлық оқпандар қабаттар арқылы бір-бірімен байланысқан. Соның арқасында желдетудің бірыңғай жүйесі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аталған шахталар апаттық шығудың жолдары қызметін атқарады. Таза ауа Вспомогательная және Иртышская шахталары арқылы берілсе, кірленген ауа РЭШ арқылы 3-қабатқа дейін келіп, одан әрі желдетпе шурфы арқылы арнайы вентилятордың көмегімен жер бетіне шығады. 

Ертіс кенішінің тау-кен қазбалары арнайы ВЦД-31,5 вентиляторы арқылы желдетіледі. Сонымен қатар, мұнда ауамен қамту жүйесі бар. Арнайы құбырлар арқылы шахтаға сығылған ауа жеткізіледі. Оның шығыны минутына 350 текше метр. Ол үшін «Вспомогателная» шахтасының маңында үш компрессоры бар қондырғы жұмыс істейді. 

Ал шахтадағы ауа температурасы жыл мезгіліне қарай өзгере ме?

Жазда да, қыста да мында орташа 14-16 градус жылы. Тек кенжарлардың температурасы басқа жерге қарағанда жоғары. Өйткені бұл шағын және жабық жер. Оның үстіне бұл жерде жабдықтар жұмыс істейді.

Қазір қайда бара жатырмыз?

Алдымен жолаушылар электровозын күту орнына барамыз. Ол жақтан «Солтүстік-12»-ге барамыз. Яғни, 12 қабаттағы солтүстік бағытта жол тартамыз. Бұл жерде өндірістік учаскенің бригадасы жұмыс істеп жатыр. Әзірге электровоздарды жөндеп, қызмет көрсететін мына депоға кіріп көрейік. Мұнда бір ауысымда 5-6 адам – слесарьлар, дәнекерлеушілер жұмыс істейді. Олар вагондар мен электровоздарды жөндейді.

  

Вагондар кенді де, тау жыныстарын да тасымалдайды. Мына вагонның ұзындығы 2,2 метр. Оған шамамен 5-6 тонна сыйады. Бұл жерде жігіттердің «раскомандировкасы». Осыған дейін «шәйхана» деп айтқан жерім осы. Бұл жерде жер бетімен байланысқа шығатын тұрақты телефон бар. Апаттық жағдайлар немесе өзге де маңызды ақпарат алмасу үшін мұндай телефондар барлық қабаттарда бар.

Апаттар демекші. Егер бір жағдай болып қалса, қызметкерлерге қалай хабарланады? Айталық, жедел жер бетіне шығу керектігін жұмысшылар қайдан біледі? Барлық телефондарға қоңырау соғыла ма?

«Шығыстүстімет» ЖШС-нің барлық шахталарында адамдарды бақылау жүйесі орнатылған. Әрбір шамда арнайы чип бар деген сөз. Олардың көмегімен жер бетіндегі мамандар әрқайсымыздың қай жерде жүргенімізді көре алады. Себебі, әрбір шамның жеке нөмірі бар және олар нақты адамдарға бекітілген. Компьютердің мониторында барлық пайдаланып жүрген шамдар көрсетіліп тұрады.

 

Егер қажет болса, жер бетіндегі оператор бір немесе бірнеше, тіпті барлық шамдарға апат туралы белгі беру үшін оларды өшіріп, қоса алады. Шебердің рациясы бар. Ол барлық ақпаратты біле алады. Егер жақын маңда шебер жоқ болса, жұмысшылар таяу орналасқан телефонға дейін жүгіріп барып, жер бетімен байланысқа шығады. Оларға орын алған жағдай және бұдан арғы іс-әрекеттері туралы ақпарат беріледі. 

Бұрын дабыл белгі беру үшін электр жарығын өшіріп, қосуға тура келетін. Жаңа бақылау жүйесі түрлі төтенше жағдайларды тергеуге көмектеседі. Кім, қай уақытта және қай жерде болғанын көруге болады.  

Жолаушылар электровозымен қозғалудың ережелері туралы айтып берсеңіз.

Электровозға мінгенде және одан түскенде тұтқалардан екі қолмен ұстану керек. Басыңызды ұрып алмау үшін абайлау қажет. Айтпақшы, мына басыңыздағы касканы шахтаның ішінде мүлдем шешуге болмайды.

Көріп тұрғаныңыздай электровоздың ішінде отырғандардың барлығы каскасын киіп отыр. Салонның ішінде отырғанда да тұтқалардан ұстану керек. Төбедегі мына трос жедел тоқтау белгісін қосу үшін қажет. Қозғалыс кезінде аяқ, қол немесе басты сыртқа шығаруға болмайды. Себебі, тоннельдер түзу емес, бұрылыстар өте көп, ал қабырғаларда түрлі темірлер, жабдықтар бар. Абайсызда жарақаттанып қалуға болады. Электровоздан түскенде екі қолмен тұтқадан ұстанып, теріс қарап түсу қажет.   

Келіп қалдық па?

Келдік. Енді жаяу жүреміз. Дәлірек айтсам, сатымен жоғары шығамыз. Ол жерде Арқалық Ниязбековтың бригадасы жұмыс істеп жатыр. Кен қазу жұмыстары нақты қабаттың өзінде емес, қабаттардың арасындағы кеңістікте жүргізілуде. Кеннің орналасу ерекшелігіне орай оны тек осылай ғана алуға болады.

«Сатылармен көтерілгенде немесе түскенде үш тірек ережесін сақтаңыздар. Яғни, екі аяқ, бір қол немесе екі қол, бір аяқ үнемі сатыда болуы тиіс», - дейді бізбен бірге жүрген Ертіс шахтасының өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инженері Сергей Черкасов.

Жабдықтарды, жеке қорғаныс құралдарын алып, сатымен көтерілу оңай шаруа емес. Бірақ кеншілер үшін бұл үйреншікті жағдай - редакциядан. 

Туысқандарыңыздың бұл жұмысқа деген көзқарасы қандай?

Сергей Черкасов: Әйелдеріміз қолдайды! Егер нақты Глубокое ауданы бойынша айтсақ, бұл өңірдегі ақша жағынан ең табысты жер. Өскемен қаласымен салыстырсақ та, көп адамдар қаладан келіп жұмыс істеуге дайын. Адамдар бірігіп, кезек-кезек автокөлікпен келіп жүр. Ал жергілікті тұрғындар үшін арнайы жолаушылар көлігі қарастырылған.

Сәлеметсіздер ме! Сіздер не істеп жатырсыздар? (Ниязбековтың бригадасына)

Қол перфораторымен бұрғылауға дайындалудамыз.

Үңгілеу бригадасы жұмысқа келді делік. Жұмысын неден бастайды?

Алдымен өздерінің кенжарларына келеді. Бәрін тексеріп, бақылайды. Жарық бар ма, жоқ па, соны қадағалайды. Желдету жүйесін дұрыс-бұрыстығын, бір жерде бүктеліп қалған жерлер бар ма, соны пысықтайды. Мұның бәрін бригадир немесе тау-кен шебері атқарады. Егер бәрі ойдағыдай болса, бригада өзінің наряд-тапсырмасын орындауға рұқсат сұрап, кенжарды бекітеді, бұрғылайды, жарады. 

Мына жерде тақтайлармен кен түсіру орны жабылған. Қопарылған кен лебедкалармен төменге түседі. Төменде тағы бір лебедка бар. Бірақ қазір бұл жерде бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жердегі кен вагонеткаларға тиеледі. Әрі қарай кен тасымалданады. Кенді техникалық бақылау бөлімінің мамандары күтіп отыр. 

Сонда үңгушілер келгенге дейін кенжарда бекітушілер, электриктер және басқа мамандар жұмыс істеп үлгере ме?

Дұрыс айтасыз. Үңгушілер жарық пен таза ауа тартылған, төбеден тас құламайтындай жерде жұмыс істеуі керек. Сол үшін кенжарда бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бекітудің анкерлі, тіреулі және аралас (темір тор мен бетон) болады. Бекітудің керек түрін геотехник маман анықтайды. Лебедка тұрған камерада міндетті түрде темір торы бар анкерлі бекіту түрі қолданады. Анкерлі бекіту дегеніміз - қабырғалар мен төбеге басында арнайы капсуласы бар темір қадалардың қағылуы. Аталған капсула жарылғанда оның ішіндегі сұйықтық қаданың бойымен ағып, тез арада қатып қалады. Сөйтіп, қадалар мен оларға тартылған темір тор тау жыныстарының құлауынан сақтайды немесе қауіпті айтарлықтай төмендетеді. 

Тіреулі бекітуге келетін болсақ, ол - тоннельдың бойына темір тіреулерді қойып, олардың үстіне бөренелермен жабу. Мұндай бекіту адамды аман алып қала алады. Техника жүретін жерде әдетте анкерлі аралас бекіту қолданылады. Байқасаңыздар қабырғада анкерлер де, бетон жамылғы да бар. 

Геологқа: Осы геологтар кендегі металдың мөлшерін бір қарап анықтай алады деген рас па?

Әрине. Айталық қазір мен мына учаскедегі мыстың орташа мөлшері 2,5%, ал мырыш 7% екенін көріп тұрмын. Кейін нақты мөлшерді химиялық зертхана айтады. Бірақ біз өте сирек қателесеміз. Жалпы әрбір учаскедегі металдың мөлшері әртүрлі келеді. Кейбір жерде мыс кені басым болса, кейбір жерле мырыш көбірек. Қазір мыс-мырыш кені алдымызда. Мына сары дақтар мыс, ал сұрлары – мырыш.

Аршат Мұқанұлы, бұрғылау-жару жұмыстары туралы айтып бере аласыз ба?

Шпурлар ПТ-48 қол перфораторларымен 1600 миллиметр тереңдікке дейін бұрғыланады. 

Бұрғыланған ұңғымаға жарылғыш заттар салынып, кестеге сәйкес жарылыс жұмыстары жүзеге асады. Жарылу жұмыстарының кестесін барлық қызметкерлер біледі. Жарылыстың алдында дыбыстық белгі беріледі. Жарушының өзі және басқа жұмысшылар жарылыс орнынан кем дегенде 150 метр қашықтықта тұруы тиіс.

Сонымен, кен лебедкалар арқылы кен түсіру орнымен төменгі қабатқа кетті. Әрі қарай не болады?

Ол жерде жүк тиеу көліктері кенді вагонеткаларға дейін тасымалдап, тиейді. Орта есеппен тиегіштің бір шөмішінің көлемі бір вагонға тең. Бұл дегеніміз шамамен 4 тонна. 

Байқасаңыз, тиегіштің операторы асқан дәлдікпен жұмыс істейді. Ол желдетуге тимейді, бірақ вагонеткаға дәл түсіреді кенді. Негізі тиелген вагонетканың салмағы ондағы заттарға байланысты. Айталық, кен немесе жай тау жыныстары. Нақты бір кенжарға байланысты бәрі. Жоспардың орындалуына мыс бойынша көрсеткіштер әсер етеді. Дегенмен кеннің құрамында ілеспе металдар да аз емес. Алтын да кездеседі.

Вагонеткаға тиелген кен қайда кетеді?

Вагонеткалардағы кен басты кен түсіру орнына барады. Ол жерде вагондар аударылады. Яғни, вагонның ішіндегі кен төмен, 14 қабатқа құлайды. Ол жердегі кен үгітіліп, скиптік көтерілімге кетеді. Бұл 10-12 тонна жүкті көтере алатын лифт деуге болады. Оның көмегімен кен жер бетіне көтеріліп, арнайы бункерге төгіледі. Мұнда кен жүк көліктеріне тиеліп, фабрикаға жөнелтіледі. Бір ауысымда орта есеппен жер бетіне 600 тонна кен шығады. Тәулігіне 1800 тоннаға жуық.

Шахтаның қосалқы өндірістері туралы айтып беріңізші.

Жер бетінде жеткізу қызметі бар. Олар материалдарды дайындайды. Айталық, учаскелер анкерлерге, құрылыс материалдарына және тағы басқаларға тапсырыс береді. Олар тапсырыстарды жерасты қызметкерлерінен алып, өздерінің кестелеріне сәйкес бұл материалдарды жер астына түсіріп, жұмыс орындарына жеткізеді. Жерастында  жөндеушілер, газ дәнекерлеушілер, электрдәнекерлеушілер және тағы басқа көптеген қосалқы қызметтер бар. Біреулер желдетудің ақаусыз жұмысына жауап берсе, енді біреулер – электр қуатымен қамтамасыз етуге жауапты дегендей. Бұл түрлі қызметтердің кешені шахтерларға кен өндіріп, жоспарды орындауға көмектеседі.

Техника демекші. Сіз бізге жөндеу орындарын көрсеттіңіз. Техниканы біздің қызметкерлер жөндей ме?

Біздің техникаға KAZ Minerals Service қызмет көрсетеді.

Ал бұл ірі техника шахтаға қалай түседі? Айталық, тиегішті алайық. Оның бір шөміші бір вагонетка сияқты ғой.

Бұл машиналар жер бетінде бөлшектеліп, жүк лифтімен жерастына түседі. Сосын осы жерде оларды қайтадан жинақтайды. Доғалақтары бөлек, моторы бөлек дегендей. Техниканы бөлшектеп, қайта жинауды да KAZ Minerals Service мамандары іске асырады.

Тау жыныстарын игеру белгілі деңгейдегі судың мөлшерімен қатар жүреді. Бұл су қайда кетеді? Неге шахтаның қабаттарын басып қалмайды?

Бізде 9 және 15 қабаттарда шахтаның бас су ағызу станциялары бар. Онда арнайы сорғылар орнатылған. Судың бір бөлігі техникалық мақсаттарда, мәселен, бұрғылау кезінде пайдаланылады. Ал көп бөлігі жер бетіне шығарылып, техникалық қажеттіліктерде қолданылады.

Сіз бұған дейін «тормозок» туралы айттыңыз. Ал түскі ас қалай болады? Шахтерлар тамақтану үшін жер бетіне көтеріле ме?

Жоқ. Әр қызметкерде мынандай электронды карта бар. Ол кәсіпорынға кірудің рұқсат құжаты және асхананың талоны ретінде пайдаланылады. Бір адамға берілетін тамақтанудың көлемі осы картада жиналады. Оның ішінде рұқсат етілген болса, сүт, құрғақ тамақтану және толықтай тамақтану бар. Әдетте жұмысшылар асханаға ауысымның алдында немесе одан кейін барады.

«Шахтердің тормозогы» деген қайдан шыққаны нақты белгісіз. Біреулер ол «тормоз», яғни тежеу, тамақтану үшін тоқтау деген сөзден шықты дейді. Енді біреулер оның негізінде ағылшындық  шахтерлар қолданып келген «термос» сөзі бар дейді.  Жер астына түсіп, көтерілу арасында 6 сағаттан астам уақыт өтетіндіктен шахтерларға тамақтану үшін үзіліс ауадай қажет. Себебі, тамақтану арасындағы ұзақ үзіліс ас қорыту жүйесіне зақым келтіруі мүмкін. Тормозок жерастындағы жұмыстың ажырамас бөлігі. Тамақтануда асығыстық жоқ. Байыппен, әңгімелесіп тамақтану қажет.

Шахтаның ұжымы туралы айтып берсеңіз. Ұжымдағы ауызбіршілік қандай?

Басқа кеніштерді білмеймін, ал біздің Ертіс кенішіміздің ұжымы айрандай ұйып тұр. Оны 2017 жылдың нәтижелерінен-ақ байқауға болады. Мыс пен мырыштың өндірісі бойынша жоспарды орындау – ол ұжымның арқасы. Мен оларды басқарып отырғаныммен, жұмысты қарапайым жұмысшыдан бастап, инженерлерге дейінгі мамандар атқарады.   

  

Өзіңіз туралы айтып бере аласыз ба? Қандай білім алдыңыз? Қай жерде жұмыс істедіңіз?

Негізі мен алғашында түсті металлургия бойынша білім алдым. Содан кейін кенші болғым келетінін түсініп, тау-кен ісіне де оқып алдым. Шахтада 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Ол кезде жерасты электр слесарінің оқушысы болып бастадым. Ол Белоусов кеніші еді. Жұмысым, мамандығым өзіме ұнайды. Дегенмен шахтердің жұмысы оңай емес қой. Бірақ мамандығыңды сүйсең, оның қиындықтарынан қорықпайсын.

Сіз бұл лауазымда екінші жыл жұмыс істеп келесіз. Үлкен ұжымды басқару қалай? Өзіңіздің басшылық тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

Мен бұған дейін ауысымдағы тау-кен шебері болып жұмыс істедім. Қол астымда 15-16 адам бар еді. Сосын жерасты өндірістік учаске бастығының орынбасары болдым, кейін 7 жыл бойы учаске бастығы қызметінде жұмыс істедім. Ол кезде қол астымды 120 адам бар еді. Айтайын дегенім – басқару тәжірибесін бірте-бірте меңгердім. Қызмет жоғарылаған сайын жауапкершілік те арта түседі. Лауазымың төмен болған сайын саған қойылатын талап та басқаша. Сол себепті басшылық лауазымға дайын болу керек. Меніңше басшы алдымен психолог болғаны абзал. 

Әр адамның мінезі әртүрлі. Қарым-қатынасты орнату үшін жағдай жасап, алғышарттарды орындау керек. Адами қасиеттен арылмаған жөн. Сол кезде іс те алға басады. Жұмыс бойынша, ұйымдастырушылық жағынан, қамтамасыз ету мәселеріне қатысты көптеген сұрақтар туындап жатады. KAZ Minerals-тың қазіргі басым бағыты – жарақаттануға және кісі өліміне жол бермеу..

Кейбір басшылардың айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорынды балағат сөздерсіз басқару мүмкін емес дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

Онсыз болмайды. Бізде 738 адам жұмыс істейді. Оның 658-і ер адамдар. Ал ер адамдар жиналған ұжымда балағат сөздер жүретіні рас.

Сіздің жұмыс кестеңіз қандай?

Мен жұмысқа сағат 6.30-да келемін. Алдымен диспетчерлерге барып, өндіріс пен қосалқы қызметтердің жұмысы бойынша мәліметтерді аламын. Талдаймын. Сағат 7.20-да цех, учаске, бөлім басшыларының қатысуымен жиналыс өтеді. Оның барысында біз тәуліктік жоспарды қалыптастырамыз. Цех басшылары туындаған сұрақтарын қояды. Егер мен шеше алмайтын мәселе болса, оны ЕӨК-нің деңгейіне жеткіземін. Өндірістік кешен деңгейіндегі селектор жиналысы біздің жиналыстан кейін өтеді. Орта есеппен аптасына 4 рет шахтаға барамын. Шахта мен селекторлық жиналыстардың арасында адамдарды қабылдаймын. Жеке мәселелерін, жұмыс бабын қарастырамын.

Шахтада түскі сағат 2-ге дейін боламын. Сағат 16.00-де басшыларды қайта жинаймын. Одан кейін кешкі селекторлық жиналыс өтеді.  Егер жұмыс көп болса, кешкі сағат 8-9-ға дейін осындамын. Егер барлығы қалыпты болса, сағат 6-да үйге қайтамын. Осылай аптасына 6 күн жұмыс істеймін.

***

Жер бетіндегі тірлік

Ертіс шахтасының әкімшілік-тұрмыстық кешені бір жыл бұрын салынды. Тұрмыстық бөлмелермен қатар шахтерларға арналған жылы өткел құрастырылды. Ол арқылы қызметкерлер көтермеге дейін тоңбай бара алады. Бұл қыста керек дүние. ӘТК-де әйелдерге және ерлерге арналған киіну, жуыну бөлмелері, сауналар, медициналық пункт және шам тарату орны бар. Сонымен қатар, кір жуатын замануи бөлме де қарастырылған.  

Татьяна Игнатова, Ертіс шахтасының ӘТК меңгерушісі

Жұмысшы ауысымнан кейін жуынған соң осында келіп, кір киімін тастайды, қағазға қояды да үйіне қайтады. Ал ауысымға келгенде жуылған, үтіктелген және құрғақ арнайы киімін алып кетеді. Әрбір арнайы киімде табельді нөмір көрсетілгендіктен, шахтерлар тек өз киімін ғана алады. Арнайы киімді жуу жөніндегі барлық қызметтерді "Ютария" мердігерлік компаниясы іске асырады. Олар мұнда 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. 

Айнұр Нұрсейітова, арнайы киімге қызмет көрсету орталығының операторы

Күніне 13-15 кг кір жуу ұнтағын жұмсаймыз. бір ауысымда 120-150 арнайы киімдер жинағын жуамыз. Кір киімдерді алғаннан кейін күртешелерді, шалбарларды, іш киімдерді, шылғауларды  бөлек-бөлек саламыз. егер жыртылғаны болса, жамаймыз, сөгілгені болса, тігеміз. Егер дақтары болса, химиялық жолмен тазалауға тырысамыз. Кейін жинақтарды нөмірлеріне сай жинап, сөрелерге қоямыз. Егер жұмысшылардың біреуі демалыста болса, оны өзіміздің тізімдемемізде белгілеп қоямыз.

Сұхбаттасқан - Юлия Кузнецова

Фото  - Сергей Суров 

Бейнетүсірілім - Ермек Дюзкенев

0 Comments

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

4/20/20 10:33 AM

test321

4/20/20 10:30 AM

test123

3/27/20 2:47 AM

Отличная новость!

3/26/20 11:37 AM

Классное место!

3/26/20 8:43 AM

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Showing 5 of 5 Items