Для своего персонала и внешней аудитории KAZ Minerals выпускает разнообразные медийные продукты.

null Эколог күні құтты болсын!

05.06.2017

Қарау саны: 0

1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 27-сессиясында 5 маусым Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні деп жарияланды. Осыдан бері бұл күн экологтардың кәсіби мерекесі саналады. Биылғы жылы Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні «Табиғатпен бірігу» ұранымен өтуде. KAZ Minerals компаниясының өркендеу жобаларының экологтар командасы осы күнге арнап kazminerals.info оқырмандары үшін арнайы материал дайындады. 

Ақтоғайдың жерасты сулары

Ақтоғайдағы экологтар жерасты суларының мониторингіне айрықша көңіл бөледі. Осы мақсатта олар ҚР мемлекеттік өлшеу жұмыстарының бірыңғайлығын қамтамасыз ету жүйесі тізілімінде тіркелген, зерттелетін аумақ шеңберіндегі өзгерістерді максималды жоғары сезімталдықпен бақылауға мүмкіндік беретін заманауи өлшеу құралдары мен жабдықтарын қолданады.

Жерасты суларының деңгейін өлшеу мақсатында қадағалау ұңғымаларында өлшеу әрекеттерін орындауға мүмкіндік беретін, Канадада жасап шығарылған электр деңгей өлшегіштер пайдаланылады. Сонымен қатар, мұндай деңгей өлшегіштердің көмегімен судың деңгейін ғана емес, оның температурасы мен электр өткізгіштігін өлшеуге болады.  

Сынамаларды дұрыс алмаған жағдайда, тіпті ең дәл әрі қымбат тұратын талдау жұмысының өзі де күмән туғызуы мүмкін екендігін ескерсек, экологиялық бақылау үрдісіндегі маңызды кезеңдердің бірі сынамаларды алу болып табылады. Талдау жұмысының дәлдігі мен дұрыстығы көбінесе сынамаларды алу тәсілін таңдауға және сынамалардың тыңғылықты алынуына тәуелді, бұл кезеңде жіберілген қателіктерді түзету, әдетте, мүмкін емес.

Ақтоғайдағы жерасты суларын сынамалау жұмыстары қадағалау ұңғымаларында мониторинг желісінің көмегімен жүзеге асырылады. Өндірістік экологиялық мониторинг шеңберінде әр тоқсан сайын батырылатын сорғыларды қолдану арқылы жерасты суларының сынамалары алынады. Алайда, жедел сынамалау талап етілген жағдайларда, KAZ Minerals Aktogay экологтары қандай да бір қосымша электр генераторларын қолданбай-ақ кіші диаметрлі ұңғымалардан су сынамаларын алуға мүмкіндік беретін, автомобиль аккумуляторынан 12В түріндегі майсыз компрессор көмегімен қуат алатын қос калапанды пневматикалық сорғыны пайдаланады.

Кейіннен мониторинг деректеріне талдау жасалып, мұндай деректер Ақтоғай КБК-нің барлық жұмыс алаңдарындағы өндірістік тапсырмаларды жедел шешу үшін қолданылады. Экологтар командасы жерасты суларына мониторинг жүргізу нәтижесінде алынған ақпараттар негізінде жерасты суларының таралу ерекшеліктері, гидрогеохимиялық жағдай және тиісті режимнің динамикасы көрсетілген дерекқорды құрады.

Жерасты суларына мониторинг жүргізудің түпкілікті мақсаты жерасты суларында бақыланатын өзгерістердің себептерін немесе осы өзгерістерге әкеп соқтыратын нақты факторларды анықтау, сондай-ақ жерасты суларының күйін сәтті бағалау және әртүрлі гидрогеологиялық болжамдар жасау болып табылады. Бұл үшін мониторинг барысында алынған нәтижелер негізінде KAZ Minerals Aktogay экологтары Visual MODFLOW Flex бағдарламалық жасақтамасын қолдана отырып, учаске аумағында таралған жерасты суларының тұжырымдамалық үлгісін дайындауға кірісіп кетті.

Бозымшақ қолда барды сақтап, арттыру көзделетін жоба

Бозымшақ кен орны Шатқал жотасының оңтүстік баурайының ортатаулы аймағының өсімдік жамылғысына тән сирек кездесетін арша ағаштары өсіп, бұталы тоғайлар қаумалаған әсем таулардың саясында орналасқан.  Бозымшақ кен орнында өсетін жартылай шар тәріздес аршаның (Juniperus semiglobosa) мұндай кішігірім селдір ормандары орта түзу, суды реттеу және суды қорғау тұрғысынан аса маңызды болып табылады. 

Кен орнының жобасында «кен орны объектілерінің құрылысын жүргізу кезінде арша көшеттерін мүмкін болғанша сақтап қалу қажеттігі» туралы ұсыныстар берілген. Осыған байланысты, компания осы әдемілікті сақтап қалу және ондағы көшеттердің санын арттыру үшін қолдан келген шаралардың барлығын жасауда. 2015-2016 жылдары мұнда әртүрлі ағаштар, соның ішінде ақ қайың, Виргин аршасы, жайдақ боз арша, спирея, көгілдір шырша, тікенекті шырша, Тянь-Шань шыршасы, қарағай, Семенов самырсыны отырғызылды.

Бозшакөл

Эколог мамандығы туралы сөз бола қалса, қоршаған орта тақырыбынан алшақтау адамдар жиі жағдайда мұндай мамандардың ең көрнекі жұмыс бағыты саналатын қалдықтарды басқару мәселесі төңірегінде ой қозғайтындығы түсінікті.

Егер өндірістегі қалдықтарды басқару жұмысы жүйесіз әрі дұрыс емес құрылған болса, бұл қалдықтарды кәдеге жаратуға жұмсалатын қаржы шығындарының мөлшерінің артуына және объектінің аумағында қалдықтардың жиналуына әкеп соқтыратындығы сөзсіз. Өз кезегінде, мұндай жағдай қызметкерлер құрамының қауіпсіздігі мен денсаулығына байланысты қауіптердің туындауына, сондай-ақ экологиялық айыппұлдардың салынуына себепші болады.

Әр өндіріс орнында өндірілетін қалдықтардың өзіндік ерекшеліктері бар, сондықтан қалдықтарды басқару жүйесін құру кезінде олардың әрқайсысының жеке қырларын ескеру қажет. Аталған жұмысты сауатты басқару компанияның шығындарын кемітіп қана қоймай, екінші реттік шикізатты сатудан белгілі бір пайда көруге де жағдай жасайды.

Қалдықтарды басқару жүйесін құру кезіндегі маңызды сыртқы факторлардың бірі географиялық орналасу орны болып табылады. Бұл тұрғыда Бозшакөл кен орнының Астана, Павлодар және Қарағанды сияқты іскерлік әрі өнеркәсіптік орталықтардың жанында орналасуы ұтымды фактор саналады. Өңірде өнеркәсіп орындарының болуы қалдықтарды кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыратын компаниялардың болуын, тиісінше, қалдықтарды шығару мен кәдеге жаратуды жүзеге асыратын мердігердің таңдалуын талап етеді. Адал ниетті мердігерді таңдау қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесінің кепілі болып табылады. Қаржыландыру көзінің, бастамашыл әрі оқытылған команданың, инфрақұрылым мен жабдықтың болуы сияқты қалған факторлар да маңызды рөл атқарады, дегенмен оларды қатысты түрде жылдам мерзімде жөнге келтіруге болады.

Кез келген өндіріс орнында қалдықтардың түзілетіндігі анық. Бозшакөл кен орнындағы өндіріс жұмыстарының әр кезеңінде, сондай-ақ қызметкерлер құрамының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету барысында көп мөлшердегі қалдықтар түзіледі. Кәсіпорындағы қалдықтарды басқару жұмыстарына жұмылдырылған экологтардың барлығына жекелеген қалдық түрін басқаруға бағытталған ең өзекті стратегияларды қамтитын «қалдықтарды мүмкін болғанша кеміту сатысы» таныс. Стратегияның өзектілік деңгейін ескере отырып, аталған сатының мынадай қырларын көрсетуге болады: қалдықтарды түзуден бас тарту (егер бұл экономикалық және технологиялық тұрғыдан ойға қонымды болса), қалдықтардың өндірілу көлемін қысқарту, қайта қолдану, рециклинг, зарарсыздандыру және орналастыру.

Әр қалдық түрін басқару бойынша тиісті стратегияларды анықтау үшін қауіпті әрі қауіпті емес қалдықтарды жіктеу қажет. Халықаралық және қазақстандық жіктемеге сәйкес, барлық қалдықтар қызыл түсті (ең қауіпті), кәріптас түсті (қауіпті) және жасыл түсті (қауіпті емес) тізімдерге енгізіледі. Бозшакөл кен орнында қызыл түсті тізімге енген қалдықтар жоқ, бұл, әрине, компания үшін жағымды жәйт.

Қалдықтарды басқару үрдісі барлық кәсіпорындар үшін салыстырмалы түрде стандарт болып табылады және келесідей кезеңдерге бөлінеді: қалдықтардың түзілуі, жиналуы, тиелуі, тасымалдануы, кәдеге жаратылуы.

Бұған кен орнында тағам қалдықтарын кептіргіш қондырғыны орнату сәтті мысал бола алады. Ол 2,5 жылда өзінің құнын ақтап шығады. Осының арқасында тағам қалдықтарының көлемі 80%-ға дейін қысқарады. Сондай-ақ, бұл ретте KAZ Minerals компаниясының потенциалды санитарлық қауіптердің де мөлшерін кеміткендігін айта кету керек.

Жұмыс қалдықтарды кәдеге жарату кезеңімен аяқталып қалмайды, себебі мұндайда үнемі есеп жүргізіп, оның көрсеткіштерін қолдап отыру, есептілік деректерін дайындау, жақсарту мүмкіндіктері қарастырылған талдау жүргізу, өзгерістерді жоспарлау, оларды енгізу және мониторинг жүргізу талап етіледі.  

Қалдықтарды басқарудың әр кезеңінің маңызды факторларына тиісті бастаманың экологиялық қырларын, орналасқан жерді, нормативтік шектеулерді, инженерлік шектеулерді, бастаманың функционалдық жүзеге асырылуын, экономикалық ойға қонымдылығын, ұзақ мерзімді заңды жауапкершілікті жатқызады.

2015 жылы Бозшакөл кен орнында қалдықтардың жалпы көлемінің 71%-ы кейіннен қолданылды, өз кезегінде оның барлығын пайдаланылған мотор майы құрады.  2015 жылы кәдеге жаратуға берілген қалдықтардың үлесі қалдықтардың жалпы көлемінің 18%-ын құрады. Бұл өндірістің әлі толық іске қосылмауымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, компания жергілікті халыққа ағаш қалдықтарын тегін береді, мұндай қалдықтардың үлесі 11%-ды құрады.

2016 жылы байыту фабрикасы іске қосылғаннан кейін кәдеге жаратуға берілген қалдықтардың үлесі 54%-ға жетіп үлгерді. Кейіннен қолданылған қалдықтар үлесі қалдықтардың жалпы көлемінің 44%-ын құрады, алайда бұл жолы кейіннен қолданылған қалдықтардың (екінші реттік шикізаттың) құрылымы өзгерді: пайдаланылған мотор майына Байыту фабрикасында пайдаланылған өнеркәсіптік май, қағаз, картон, пластмасса, қара металл сынықтары, пайдаланылған аккумуляторлар қосылды. Халыққа тегін берілген ағаш қалдықтарының үлестік қатынасы 2%-ға қысқарғанымен, көлем негізінде өрнектейтін болсақ оның мөлшері өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды.

2017 жылы Тотыққан кендерді байыту фабрикасы іске қосылып, бұл кейіннен кәдеге жаратылуы тиіс қалдықтардың мөлшерінің артуына себепші болды.

Бозшакөл кен орнында түзілетін қалдықтардың құрылымы мен мөлшеріне келсек, мұнда қызыл түсті тізімге енгізілген қалдықтар көбірек түзіледі, бұл ретте, кәріптас түсті тізімдегі қалдықтарды кәдеге жарату компанияға қымбатқа түсуде. Мұның басты себебі – кәріптас түсті тізімдегі қалдықтардың қауіптілік деңгейінің жоғарылығы.

Өндіріс орнын іске қосқан сәттен бастап соңғы үш жылдағы кәріптас түсті, жасыл түсті тізімдегі қалдықтарды кәдеге жарату және тасымалдау шығындарының құрылымы төменде берілген.

Учаскелерде қалдықтар түзілген жағдайда, оларға арналған контейнерлерді дұрыс таңбалау, қалдықтардың атауы мен олардың қауіптілік класын жазу маңызды, бұл қалдықтарды бөлек-бөлек жинастыруға (сегрегациялауға) мүмкіндік береді.

Қалдықтарды сегрегациялау компанияның қалдықтарды кәдеге жарату шығындарын қысқартады, себебі қауіпті қалдықтар мен қауіпті емес қалдықтарды араластыру кезінде оның барлық көлемі қауіпті деп есептеледі де, осыған байланысты қалдықтардың бүкіл шартты көлемін кәдеге жарату құны артады.

Бозшакөл КБК қалдықтарды басқару саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді, алайда ISO 14001 стандартында (бүкіл әлем бойынша тиімді Экологиялық менеджмент жүйелерін жобалаушы әрі енгізуші ұйымдар тарапынан басшылыққа алынатын іргелі ережелер жинағы) айтылғандай, жақсартуға бағытталған мүмкіндіктер кез келген уақытта болады, сондықтан оларды іздеп, енгізу қажет.

 Экологтармен тілдескен Әйгерім Түкіпова, Алматы

0 Comments

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

4/20/20 10:33 AM

test321

4/20/20 10:30 AM

test123

3/27/20 2:47 AM

Отличная новость!

3/26/20 11:37 AM

Классное место!

3/26/20 8:43 AM

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Showing 5 of 5 Items