Для своего персонала и внешней аудитории KAZ Minerals выпускает разнообразные медийные продукты.

null «Металл» қалай пайда болады? Орлов өндірістік кешенінің фабрикасы

02.05.2018

Қарау саны: 0

Kazminerals.info «Экскурсия» тұрақты айдарын жалғастырып, Топтың кәсіпорындарын таныстыруда. Бізбен фабрикалардың, шахталар мен карьерлердің басшылары сұхбат құрады. Бүгінгі біздің гид –Орлов өндірістік кешені кен байыту фабрикасының бастығы Иван Локтев. Ол мұнда кәсіпорын ашылғалы бері жұмыс істейді.

Орлов ӨК фабрикасы «Шығыстүстімет» ЖШС-нің құрамына кіреді. Ол ШҚО (Қазақстан) Бородулиха ауданының Жезкент кентінде орналасқан. 1988 жылы іске қосылды.  Орлов кенішінің кенін өңдеп, мыс және мырыш концентраттарын шығарады. 1997 жылы фабрика жылына 1,5 млн тонна кен өңдеу жобалық қуатына жетті. 2000 жылы 1 743 568 тонна көлеміндегі ең көп кен өңделген.

Иван Григорьевич, кәсіпорынның іске қосылуынан бастасақ.

Жезкент кен байыту фабрикасы 1988 жылы желтоқсанда іске қосылды. Бұл кезде мұнда Мәскеуден келген комиссия жұмыс істеп жатты. Фабриканың іске қосудың алғашқы кезеңінде мыс флотациясының сұлбасы жұмысқа қабылданды. Бұл барлығымыз үшін үлкен мереке еді.

Фабриканы іске қосудың барысында алғашқы мыс концентратын да өндіріп алдық. Сонымен қатар, проблемаларды анықтап, ұсыныс жасау үшін талдау жүргіздік, нені өзгерту керектігін қарадық. Жұмыс және мемлекеттік комиссиялар одан әрі жаңғырту және екінші кезек – мырыш флотациясын іске қосу үшін фабриканы уақытша тоқтатты. Содан кейін барып фабрика өзінің қалыпты жұмыс кестесіне өтті.

Бастапқыда кәсіпорынның кенді өңдеу жөніндегі жылдық жоспары 1,5 млн тонна көлемінде болған. Кейін кеннің байытылуын зерттеу мен технологиялық процессті жетілдірудің арқасында өңдеу көлемі жылына 1,6 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.

Қазіргі уақытта Орлов кенішіндегі қорлар азайып бара жатқандықтан, кен қазу да төмендеді. Сәйкесінше фабриканың жылдық өндіріс көлемі азайды. Биылғы жылдың өндірістік көлемі 1,15 млн тонна кенді өңдеуді көздейді. Кеніштегі кен қорының азаюынан фабрика тоқтап қалады деген сөз емес. Корпоративтік деңгейде шикізат жеткізушілерін анықтау жөніндегі жұмыстар қолға алынған. Сонымен қатар, біз технологиялық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін де зерттеп жатырмыз. Уақыт көрсете жатар. Мүмкін сырттан шикізат әкелеміз. Мүмкін технологиялық қалдықтарды қолға аламыз.  

Сөзіңізге қарасақ, сіз мұнда бастапқы кезеңнен жұмыс істеп жүрген сияқтысыз ғой?

Фабриканың бастығы ретінде мен 2017 жылдың маусым айынан бастап жұмыс істеп жүрмін. Ал еңбек жолымды 1980 жылы Орлов шахтасының үңгушісі ретінде бастағам. Ол кезде фабрика жоқ еді. Сосын барып құрылыс басталды. Іргетасы қаланды. Біз бұл жерде уақыт өте келе мыс және мырыш концентраттары шығарылатынын білдік. Ол кезде біз кенді Лениногорск (қазір Риддер – редакция) және Горняк (Алтай өңірі, Ресей) қалаларынан алдыратынбыз. Үңгуден кейін мен Золотушен кен байыту фабрикасында (Горняк қаласы, Ресей) шебер болып жұмыс істеп көрдім. Сондықтан мына жақта фабриканың ғимараттары іске қосыла бастағанда бас корпусқа негізгі өндірістің шебері болып жұмысқа орналастым. Бұл кезде бас корпус пен реагент бөлімінің құрылысы аяқталып, жабдықтармен қамтамасыз ету жүріп жатқан. Қалдық шаруашылығында, концентратты сүзгілеу және кептіру ғимараттарында құрылыс аяқталуға жақын еді.  Содан кейін мені негізгі өндірістің шебері лауазымынан ауыстырып, реагент бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Бұл қызметте мен ұзақ жұмыс істедім – 20 жылға таяу. Одан кейін кен байыту фабрикасының бас инженері болдым. Кейінгі жылдары басқару мен байыту жөніндегі жетекші инженер, қалдық шаруашылығының бастығы сияқты лауазымдар болды. Қазір, міне, фабриканың бастығы болып жұмыс істеймін.

Егер сізден фабрика дегенді білмейтін адам үшін экскурсия жүргіз десе, қай жерден бастар едіңіз? 

Әрине, алдымен кіріспе лекция болады. Оны кеңседе жүргіземіз. Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай мына сұлбада бүкіл фабрикадағы аппараттардың желісі көрсетілген. Сол себепті алдымен қағазда көрсеткен дұрыс болады. Ал кейін тікелей өндіріске бару керек. Біз бүгін дәл солай жасаймыз.

Біздің кен байыту фабрикамыз Орлов кенішімен жұмыс істейді. Шахта дәл жанымызда орналасқан. Кен фабрикаға  скип оқпаны арқылы келеді. Алдымен қабылдау бункеріне  түсіп, содан кейін №1 конвейер арқылы фабриканың жинақтау бункерлеріне барады. Одан әрі ұсақтау цехына түседі. 

Кен ұсақтау барысында үш сатыдан өтеді. Айта кететін жәйт, біздің фабрикада, үгіту жоқ. Алғашқы сатыда кен конвейерлер жүйесі арқылы ММС 2,7*7,0 өздігінен ұсақтау сулы диірмендеріне түседі. Бұл жердегі жұмыс мәні мынада – кеннің ірі бөлшектері кішірек бөлшектерді одан әрі ұсақтайды. Екінші және үшінші сатыларда кен МШРГУ 4,5*6,0 шар диірмендерінде ұсақталады.

Ұсақтау барысында кенге су және реагенттер қосылады. Айтпақшы, фабрикамызда судың айналмалы жүйесі қолданылады. Технологиялық процестердің барлық кезеңдерінде су керек. Сол себепті қалдық сақтау орнына келген су тазартылып, технологиялық желіге қайта келеді. Қалдықтардың ішіндегі құм сол жерде тұнып, қала береді. Әрине, бұл айналымның барысында судың шығыны болады: су буланады, концентраттың құрамында да ылғал қалады. Сондықтан тәулік сайын біз 2000 текше метр қосымша су қолданамыз.  

Бұл суды біз қайдан аламыз?

Бұл өнеркәсіптік және шахталық су. Фабрикада су жинауға арналған ыдыстар бар. Олар айналма суды (2 ыдыс), өнеркәсіптік және шахталық (2 ыдыс) суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Өнеркәсіптік суды біз Ресейден сатып аламыз. Қазіргі уақытта толықтай шахталық суға көшу мәселесін қарастырып отырмыз.

Диірменде ұсақталған кен бұдан әрі қайда барады?

Ұсақталған кеннен, су мен реагенттерден тұратын қоспа – пульпа, флотацияға түседі.  Осы кезеңде мыс концентратын өндіру үшін мысты, ал мырыш концентратын өндіру үшін мырышты бөліп алу біртіндеп іске асады. Байыту технологиясына сәйкес әр кезеңде мыс пен мырыш металдарын тиісті сапа мен жоспарлы көрсеткіштерге сай өндіруге мүмкіндік беретін реагенттер қосылады.

Қарапайым тілмен айтсақ, әрбір флотациялық камерада айналатын блок орналасқан. Камераға астынан жоғарыға қарай ауа жіберіледі. Нәтижесінде аэрация пайда болады. Біз бұл жерге реттеуші реагент қосамыз. Оны көбіктеуші дейді. Сонымен қатар, жинақтаушы реагент – ксантогенат қосылады. Ол таңдап әрекет етеді. Егер бірінші реагент көбік қалыптастырса, екіншісі нақты минералдың жанында суланбайтын жер қалыптастырады. Бұл минерал бөлшектерінің пайда болған көбікке жабысуына көмектеседі. 

Біз мыс және мырыш минералдарына әсер ететін реагенттерді кезек-кезек қолданамыз. Айталық, бізге мысты бөлу керек дейік. Біз не істейміз? Біз депрессор реагентті қосамыз. Ол мырыш минералдарын «басып», мыс минералдарын ауа көпіршіктерімен бірге жоғарыға көтереді. Сөйтіп, көпіршіктенген мыс өнімі пайда болады. «Басылған» минералдар камераның ішінде қалады. Оларды «камералы өнім» деп атайды. Олар мырыш флотациясына жөнелтіледі.

Бұл жерде мыс купоросын қосамыз. Ол басылған бөлшектерді белсендіруші және жинақтаушы болып табылады. Енді мырыш жоғары көтеріледі, ал қалдықтар камерада қалады. Мырыш флотациясынан қалған камералы өнім технологиялық қалдық ретін қалдық сақтау орнына жеткізіледі. Ал мыс және мырыш концентраттары қоюландыруға түседі. Жалпы флотация кезеңінде біз алты реагентті қолданамыз.

Ал ішінде ақ сұйықтығы бар бұл қандай бассейн?

Бұл сұйық әк. Ол реагент бөлімінде еріп, сорғылар арқылы осында келеді. Оны бұл жерден таратушы дозаторға жіберіп, технологиялық процеске қосады. Ол рH-ортаның реттеушісі ретінде қолданылады. Дұрыс реттеу кезінде барлық реагенттер өздерінің міндетін ойдағыдай орындап шығады. Егер рH-орта өзгерсе, реагенттер жұмыс істемейді, ал мыс пен мырыштың минералдары қалдықтардың арасында қалуы мүмкін. Әктің тәуліктік пайдалану нормасы шамамен 30 тонна. Біз оны Өзбекстаннан аламыз.

Реагент бөлімі туралы бірнеше рет айттыңыз. Оған баруға бола ма?

Әрине. Қазір біз реагенттерді сақтау және дайындау бөліміндеміз. Қабырғаның артындағы анау бөлменің ішінде дайын реагенттері бар ыдыстар орналасқан. Реагенттерді мөшектермен алып келеді. Мысалы, мына қаптарда күкіртті натрий бар. Оны Қытайдан тапсырыс беріп, алдырамыз. Реагенттерді еріту бөлек жерде іске асады. Онымен реагенттерді ерітушілер айналысады. Олар бір ауысымда екі адамнан жұмыс істейді. Әк бөлімінде бір адам, цехта бір адам. Қазіргі уақытта реагенттер жинақтау ыдыстарына жеткізілуге дайын.

Реагенттер қалай ерітіледі?

Анау жерде астау сияқты ыдыс тұр (әр реагентте өзінің ыдысы бар). Сол астауларға ерітуші мамандар қаптардағы реагенттерді төгеді, су құйып, тиісті шоғырдағы ерітінділерді дайындайды. Бір ауысымда олар 60 капқа жуық реагентті ерітеді. Шамамен бір адамға 1,5-2 тоннадан келеді.

Бұл қаншалықты қауіпті? Қалай дегенмен химиялық қоспалар ғой...

Әрине, жұмыс барысында қауіпсіздік техникасының талаптарына сай өте абай болу қажет. Егер дененің ашық жерлеріне тисе, реагенттер терінің қатты тітіркенуіне, тіпті химиялық күйікке алып келуі мүмкін. Осыған жол бермес үшін қышқылдан қорғайтын арнайы костюмдер қолданылады. Бұл біздің арнайы киімге ұқсайтын, бірақ су өткізбейтін киімдер жиынтығы. Егер ерітінді киімге тисе, ол теріге әсер ете алмайды. 

Ал бетке немесе көзге тигенде жедел әрекет ету үшін апаттық душ және алғашқы көмекке қажетті дәрі-дәрмектер бар. Мұндай жағдайлар орын алмас үшін жабық көзілдіріктер  - жартылай маскаларды қолданамыз. Реагенттерді еріту барысында қышқылдан қорғайтын ұзын резенке қолғаптар пайдаланылады.

Айтпақшы, фабрикаға келушілерге және қызметкерлерге арналған қауіпсіздік талаптары бар ма? Айталық, барлық жерде респиратор кию керек пе?

Респираторды міндетті түрде кенді бункерге қабылдау, кенді диірмендерге жеткізу, сүзгілеу, кептіру, дайын өнімді тиеу сияқты кезеңдерде, яғни өндірістік процеске жақын жерлерде қолдану міндетті. Реагент бөлімінде, реагенттерді еріту барысында да респираторларды міндетті түрде қолдану керек. Кабинеттерде және фабрика аумағының көп бөлігінде респираторларды киюдің қажеті жоқ. Себебі, ылғалды жинастыру жұмыстары жүргізіледі.

 

Өндірістік процеске оралайық. Ендігі кезең қоюландыру ма? Мыс пен мырышты қоюландыру қатар жүре ме?

Дұрыс айтасыз. Әр өнімнің өзінің қоюландырғышы бар. Бұл жерде дайын концентраттар тұнады. Содан кейін сорғылар арқылы сүзгілеу және кептіру ғимаратына жеткізіледі.

Қоюландырғыштың ыдысы конусқа ұқсайды. Төмен жағында құйғышы бар. Бұл флотация барысында бөлініп алынған минералдарды тұндыру үшін жасалған. Тұндыру бірқалыпты жүру үшін ыдыстың ішінде тырмалар бар. Олар тұнған концентратты жинайды. Ал су беткі жақта қалады. Концентрат көбікпен бірге судың бетінде қалқып жүрмес үшін біз үстінен су себеміз.

Барлығы бізде төрт қоюландырғыш бар. Біреуі мырыш концентратына, екеуі мыс концентратына және тағы біреу мысты бақылауға арналған. Міне, мынау бақылауға арналған. Қоюландыру бүкіл фабрикадағы процестер сияқты үздіксіз жүріп жатады. Қоюландырғышқа үнемі өнім келіп жатады. Сондықтан шлам бөлшектері тұнып үлгермейді және ағынмен бірге кетеді. Құнды бөлшектер – мыс минералдарын ысырап қылмас үшін және оларға тұнуға уақыт беру үшін жұмыс қоюландырғыштарының ішіндегіні бақылау қоюландырғышына құяды. Тек содан кейін ғана сұйықтық қалдықтар орнына төгіледі. Қалдықтарға тек қана судың кеткені маңызды. Ал мырыш концентратының мөлшері аз болғандықтан, оған бір қоюландырғыш та жеткілікті.

Белгілі бір реагенттердің қосылуын кім реттейді? Әлде бұл автоматты түрде іске аса ма?

Реагенттер технологиялық процесске автоматты түрде жұмыс істейтін арнайы қоректендіргіштер арқылы беріледі. Дегенмен бізде кеннің құрамын анықтап, автоматты түрде реагенттерді қосатын талдағыш болмағандықтан сандық шығындар қолмен реттеледі. Сол себепті көп нәрсе фабрикамыздағы флотаторлардың, дозалаушылардың және операторлардың кәсіпқойлығына байланысты. Айталық, құрамында 4% мыс бар кен келе жатыр делік. Ал келесі сағаттағы мөлшерлерлеме 2,8%. Егер флотатор қосылатын реагенттерді уақытында реттемесе, мұның бері дайын өнімнің сапасына әсер етеді. Сол себепті флотатор өндірістік процестің басы-қасында болуы тиіс. Қандай көбік, оның түсі қандай, флотация камераларының жүктемесі шамадан тыс емес пе? Осының бәрін қадағалау керек. 

Неге дейсіз бе? Себебі біз зертханадағы нәтижелерді бір сағаттан кейін аламыз. Ал осы уақыт аралығында кендегі металдың мөлшері өзгеріп кетуі мүмкін. Мысалы, бір уақытта кендегі мыс мырыштан көп болса, келесі сағатта керісінше мырыш мыстан басым болуы мүмкін. Оған тиісті шара қолданылмаса, дайын өнімнің сапасы нашарлайды. Бұл оңай емес, дегенмен біз шамамыз келгенше тырысып, жұмыс істеп жатырмыз. Бізде техникалық бақылау бөлімі жұмыс істейді. Олар сынамаларды алады. Әрбір 10 минут сайын саныма алғыштар автоматты түрде санымаларды бөліп алады. ТББ қызметкерлері сағат сайын сынамаларды өңдеп, рентгенспектралды зертханаға жолдайды. ТББ-сіз және рентгенспектралды зертханасыз жұмыс істей алмаймыз. Олардың көмегімен бүкіл технологиялық процесті қадағалай аламыз. Талдау нәтижелері операторлардың және менің компьютеріме келіп түседі. 

Біз кептіруге келіп тоқтадық. Одан әрі кептіру ме?

Иә, сүзгілеу және кептіру ғимараты бар. Бұл жерде қоюланған өнім сүзіліп, нәтижесінде мыс және мырыш концентраттары пайда болады. Керамикалық ВДФК-45 (2 дана) және СС-45 (3 дана) сүзгілері орнатылған. Әр сүзгінің сүзгілеу ауданы 45 шаршы метр. 

Сүзгінің ішінде көпіршікті пластиналардан құралған және қоюланған өнім түсетін ваннаға орнатылған дискілер бар. Сүзгінің дискілері айналып тұрады. Пластиналардың ішінде пайда болған ваакумның әсерінен бөлшектер оның бетіне жабысады. Ваакум арнайы сорғының көмегімен жасалады.

Дискілер ваннаның ішінен шыққан кезде қатты бөлшектердегі ылғал кетеді. Ал арнайы пышақтар жабысқан концентратты керамикалық пластиналардан алып тастайды. Нәтижесінде концентрат конвейерге түседі. 

Конвейерлер желісі сүзгіленген концентратты кептіруге немесе дайын өнім бөліміне жеткізуге мүмкіндік береді.  Сүзгілеу кезеңінде концентраттағы ылғал 10-12% шамасында болады. Ал кептіру барабанынан өткен концентраттағы ылғалдың мөлшері 7%-ға жуық.  

Қалдықтар қалай сақталады? Бұл экологиялық тұрғыдан қаншалықты қауіпсіз? Олардың көлемі қандай?

Қазіргі уақытта ол жерде 20 млн текше метрге жуық қалдықтар бар. Біздің қалдық сақтау орнымыз төрт дамбадан тұрады. Олардың әрқайсысында 4 қабат бар. Алғашқы қабат пионер дамбасы деп аталады. Оның биіктігі  шамамен 8 метр. Содан кейін биіктіктері 4 метрден болатын тағы 3 қабат бар. Дамба қалай салынады? Айталық, бірінші қабат бар делік, ол толады. Бұл іргетас іспеттес. Енді қабырғасын көтеруге болады. Дамбаның ішкі шетінде құм жинақтап, оның үстіне тастақты жыныс салынады. Одан кейін тағы да қалдықтар жинақтала бастайды. Айтпақшы, бірінші қабаттың астында қалдықтардың топыраққа сіңіп кетуіне жол бермейтін арнайы материал бар. Сондай-ақ, біздің химиялық зертхана топырақ суларының көрсеткіштерін үнемі бақылап отырады. Қалдық сақтау орнының айналасындағы 1 км қашықтықта санитарлық қорғау аумағы болып саналады. Оның аумағында көптеген ұңғымалар бұрғыланған. Бұл ұңғымалардың көмегімен судың сынамалары алынады. Қалдықтарды жел ұшырып кетпес үшін олар барлық қабаттарда судың астында жатады. Буланудың салдарынан су азаймас үшін біз үнемі қалдықтарды ылғалдап отырамыз. 

Концентрат туралы айтып бере аласыз ба? Дайын өнімдегі металдардың мөлшері қандай?

Мыс концентратындағы мыстың мөлшері 17%-дан аз болмауы керек, ал ондағы мырыш пен қорғасын 5%-дан аспауы тиіс. Мырыш концентратында мырыштың мөлшері 45%, ал мыс 3,5% және қорғасын 2,5%.

Мыс концентраты конвейерден вагондарға тиеліп, Балқаш мыс балқыту зауытына жеткізіледі.

Ал мырыш концентраты биг-бегтерге қапталады. Мыс концентраты тиелген вагонда 11 тонна мыс болады. Ал мырыш концентраты бар вагонда 25 тонна мырыш болады. Күн сайын біз орта есеппен 10 вагон мыс пен 5 вагон мырыш тиейміз. Өнімді бекітілген кестеге сәйкес тәулік бойы жөнелтеміз.

Ал неге бір өнім биг-бегтерге, ал енді біреуі тікелей вагонға тиеледі?

Бұл мәселелер келісімшартта көрсетілген шарттарға сай реттеледі. БМБЗ-на вагонмен, ал Қытайға биг-бегтермен жеткіземіз.

Фабрикада қандай жабдықтар орнатылған?

Бізде өздігінен ұсақтайтын сулы диірмендер, шиырша қоректендіргіші бар шарлы диірмендер бар. Олар фабрика іске қосылған орнатылған. Біз диірмендердің қаптамасын ауыстырып, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Қоюландырғыштар да фабрика іске қосылған кезден бастап жұмыс істеп тұр. Ал флотациялық жабдықтар толықтай жаңартылды деуге болады. Қазіргі уақытта мұнда 16 текше метрлік ресейлік РИВС команиясының флотомашиналары орнатылған. Сүзгілер де жаңарды.

Фабрикада қанша адам жұмыс істейді? Олар қандай ауысыммен еңбек етеді?

Фабрикада 358 адам жұмыс істейді. Ауысымның ұзақтығы 12 сағат. Қазіргі жұмыс кестесі қалыпты деп ойлаймын. Қызметкер екі күн таңертеннен жұмыс істейді, сосын екі күн демалады. Кейін екі түн жұмыс істеп, бір түн ұйықтайды, екі күні тағы демалады. Әріптестеріміз екі жарым күн ішінде өзінің жеке шаруаларын жасай алады. Айталық, денсаулығын тексереді, отбасымен уақыт өткізеді. Жазда саяжай немесе бақшамен айналысады.

Әйелдер көп пе, әлде ер адамдар басым ба?

358 қызметкердің 138 әйелдер. Олар көбінесе флотацияда, қоюландырғыштардың аппаратшысы немесе сорғы қондырғыларының машинистері болып жұмыс істейді.

Фото: Сергей Суров

Бейне: Ермек Дюзкенев

Сұхбаттасқан: Юлия Кузнецова

0 Comments

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

САЙТТАҒЫ ТАНЫМАЛ ТАҚЫРЫПТАР

4/20/20 10:33 AM

test321

4/20/20 10:30 AM

test123

3/27/20 2:47 AM

Отличная новость!

3/26/20 11:37 AM

Классное место!

3/26/20 8:43 AM

Какой интересный выпуск

В теме: №33(1).pdf
Showing 5 of 5 Items